Биологиялық өңдеу: Алматыда мамандар 2,3 миллионнан астам жасыл желекті тексерді

Қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды ғылыми-тәжірибелік жиын өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды ғылыми-тәжірибелік жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жасыл желектерді қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және зиянкестермен биологиялық әдістер арқылы күресу мәселелері талқыланды.Басқосуға еліміздің жетекші ғалымдары, салалық сарапшылар, мемлекеттік органдар мен экологиялық ұйымдардың өкілдері қатысқан. Олар өзара тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеулер мен нақты практикалық шешімін ұсынды. Нәтижесінде Алматы қаласы әкімдігі мен ғылыми мекемелер арасында ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған меморандумға қол қойылды. Бұл құжат болашақта қала табиғатын қорғауға және экологиялық саясатты дамытуға тың серпін бермек.

«Алматыда жасыл желектерді қорғау және зиянкестермен күресте биологиялық әдістерді енгізу – Мемлекет басшысы атап өткендей, қаланы экологиялық тұрғыдан дамыған, жасыл қала мәртебесіне жеткізу жолындағы алғашқы нақты қадамдардың бірі. Біз табиғатқа зиян келтіретін химиялық өңдеуден бас тартып, орнына қауіпсіз әрі тиімді биологиялық тәсілдерге көшуіміз керек. Сондай-ақ мұндай бастамаларды жүзеге асыруда ғылыми ұйымдармен, сарапшылармен және қоғамдық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастық аса маңызды», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының хатшысы Ерлан Қыдырбаев.

Айта кетейік, қала аумағындағы жасыл желектерді биологиялық өңдеудің үшінші кезеңі аяқталуға жақын. Аталған жұмыстар биылғы сәуір айынан басталып, кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Жасыл желектердің жай-күйін жақсартуға бағытталған шаралар барысында тұрғындардан түскен 2 мыңға жуық өтініш қаралған. Бірінші кезеңде мамандар қала бойынша 2,3 миллионнан астам жасыл желекті тексеріп шығыпты. Ендігіде мамандар аула ішіндегі ағаштар мен бұталарға қажетті өңдеу шараларын қарқынды жүргізіп жатыр. Нәтижесінде тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағымдар саны айтарлықтай азайған.

 «Алматы қаласы бойынша өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілікпен біз өңдеу жұмыстарын 20 сәуірден бастадық.  Ол төрт кезеңді болып келеді. Қыркүйек айына дейін жалғасады. Сәуір айынан бастап 2000-ға жуық тұрғындардан өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда өтініштердің барлығы толыққанды орындалды және азая бастады», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Мейіржан Бағатиев.

Оқи отырыңыз: Алматыда Баум тоғайын абаттандыру жобасы басталды

Новости партнеров