Бір күн бұрын алматылық велоспортшылар да жеңіс тұғырына көтерілген болатын
Алматылық спортшылар Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында табысты өнер көрсетіп жатыр. Кеше паравелоспорттан күміс және қола медаль жеңіп алған алматылықтар бүгін тағы екі алтын және екі күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
21 қазанда әйелдер арасындағы уақытқа жеке жарыста Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 32 минут 21,54 секунд нәтиже көрсетіп, Азия Пара ойындарының чемпиондары атанды.
Ерлер арасында В санатында 20 шақырым қашықтыққа уақытқа жеке жарыста Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев алтын медаль жеңіп алды. Олар қашықтықты 34 минут 09,17 секундта еңсеріп, үздік нәтиже көрсетті.
Осы жарыс түрінде Кирилл Ильюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский 35 минут 26,64 секунд нәтижемен мәреге жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Бір күн бұрын алматылық велоспортшылар да жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Тректегі 4000 метрлік жарыста Анастасия Калаус пен Полина Братчикова күміс, ал Кирилл Ильюкевич пен Глеб Брусенский қола медаль жеңіп алды. Осылайша, бүгін екі жұп та осы ойындардағы екінші жүлдесіне қол жеткізді.
Бүгін Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір күміс медальді алматылық Жанбота Аманжол салды. Ол парадзюдодан J2 санатында 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын алды. 2023 жылы Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері осымен екінші рет қатарынан осы жарыстың жеңіс тұғырына көтерілді.
V Азия Пара ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр және 24 қазанға дейін жалғасады. Жарыста Алматының намысын спорттың алты түрінен 20 спортшы қорғап жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлету жұмыстары жалғасып жатыр