Экспозицияда пейзаж бен натюрморт жанрларындағы 40-қа жуық кескіндеме туындысы ұсынылған
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Қазақстан күміс жастағы жандардың көзімен» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, көрмеге Алматы қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Бостандық бөлімшесінде «Кескіндеме және сурет» курсына қатысатын зейнеткерлердің туындылары қойылды.
Экспозицияда пейзаж бен натюрморт жанрларындағы 40-қа жуық кескіндеме туындысы ұсынылған. Авторлар өз шығармаларында әсем табиғатты бейнелеп, өмірлік тәжірибесін және қоршаған ортаға деген өзіндік көзқарасын жеткізген.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 2022 жылы Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен құрылған.
Орталық зейнет жасындағы азаматтарға шығармашылық, білім беру және сауықтыру бағдарламаларын ұсынады.
«Кескіндеме және сурет» курсы қатысушылардың сурет салу дағдыларын жетілдіріп, шығармашылық қабілетін дамытуға көмектеседі.
Көрме 27 қазанға дейін жалғасады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлету жұмыстары жалғасып жатыр