Коньки тебуді үйренгіңіз келсе, арнайы мамандардың көмегіне жүгіне аласыз
Биыл Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін 11 мұз айдыны тегін жұмыс істейді. Әлеуметтік жоба мегаполистің әр ауданында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қыс қызығы – сырғанақ. Алматыдағы тегін мұз айдынының бірі – тұңғыш Президент саябағының кіреберісінде орналасқан. Бұл жер алматылықтардың сүйікті демалыс орнына айналған. Күніне шамамен 50-ден аса адам келеді. Ал сенбі, жексенбі көрсеткіш еселене түседі.
Аумағы 1200 шаршы метр болатын мұз айдынында күн сайын 5 сеанс өтеді. Сырғанақ сағат таңғы 10:00-ден 23:00-ге дейін ашық тұрады.
«Күнделікті күтім жасалады. Әр сырғанау уақыты 2 сағат сайын, 30 минут арнайы көлік кіріп, мұзды тазалайды. Су құйып, қатырады. Мұздың күнде тексеріп отырамыз, жырық жерін жамап, қарын тазалаймыз», – деді үйлестіруші Даниэль Мырзахметов.
Сапалы жұмыс нәтижесі көңіл көншітеді. Сырғанақ маңайында әрдайым келушілердің сыңғыр күлкісі естіліп тұрады. Жасы да, жасамысы да мәз-мейрам.
«Үш баламен келдім. Коньки сатып алып, тегін сырғанауға таптырмас мүмкіндік. Әр ауданда бар, ата-анамыздың үйіне барғанда Наурызбай ауданында сырғанаймыз. Өте ыңғайлы», – деді қала тұрғыны Мақпал Қайрылхан.
«Бұл жерге достарыммен, ата-анаммен келгенді ұнатамын. Уақытты тиімді әрі пайдалы өткіземіз. Жанымызға жақын адамдармен сырласуға, тығыз қарым-қатынас орнатуға көп көңіл бөлеміз», – деді қала тұрғыны Карина Олесова.
Тегін сырғанаққа барып, шеберлігіңізді шыңдауды көздесеңіз, коньки тебуді үйренгіңіз келсе, арнайы мамандардың көмегіне жүгіне аласыз. Нұсқаушылар тынбай еңбек етеді. Ал конькиіңіз болмаса, жалға алуға да мүмкіндік қарастырылған.
«Мұз айдындары сұранысқа ие. Биыл Медеуде жқндеу жұмыстарына байланысты қаланың барлық аудандарында тегін мұз айдынын аштық. Мақсаты – бұқаралық қысқы спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау», – деді Спорт басқармасының баспасөз хатшысы Қайсар Оқас.
Биыл әлеуметтік жоба аясында бірнеше жерде жаңа мұз айдыны ашылды. Соның бірі Ганди көшесінің оңтүстігіндегі саябақта орналасқан. Сырғанақта бір күнде 4 сеанс өтеді. Жұртшылық алаңқайдың дәл ортасында тұрған шыршаны айнала қозғалады. Ал қараңғы түссе, бұл маң ерекше реңге ие болады.
Атап өтейік, тегін мұз айдыны әлеуметтік жобасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Сол уақыттан бері мыңдаған тұрғын аталмыш спорт түрін меңгеріп алыпты. Ал сырғанаққа 2 миллионнан астам адам барып үлгерген.
Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматының Бас жоспарын әзірлеушілер не үшін БРТ қажет екенін түсіндірді