Шаһар басшысы Алматы қаласының мемлекеттік мұрағатындағы цифрландыру жұмысымен танысты
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданына жұмыс сапарымен барып, бірнеше нысанды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ең алдымен шаһар басшысы елдегі ең ірі архивтердің бірі Алматы қаласының мемлекеттік мұрағатын аралады. Мұнда цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде архив қоймалары жаңғыртылып, электронды қолжетімділік артты. Бұдан бөлек, құжаттарды сақтау алаңдары кеңейтілді.
"Біз бүгін қала әкіміне «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын таныстырдық. Бағдарлама аясында цифрландыруға арналған жабдықтар, құжаттарды қалпына келтіру үшін зертхана сатып алынды", - деді "Алматы қаласының мемлекеттік архиві" КММ директоры Абзал Баранов.
Жұмыс сапары барысында Дархан Сатыбалды Ақбұлақ шағынауданындағы Чуланов көшесі бойында орналасқан скверді абаттандыру жобасымен де танысты. Жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындар үшін заманауи әрі қауіпсіз демалыс орнына айналмақ. Жобада жарықтандыру, көгалдандыру және жайлы жаяу жүргінші аймақтарын қалыптастыруға басымдық берілген.