Цифрлық егіз және «ақылды» ТҮКШ: Алматы инфрақұрылымындағы цифрлық трансформацияның аясы кеңейеді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында тіршілік инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жалғасуда. ТҮКШ саласындағы негізгі жобалар мен қаланың цифрлық егізін құру барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсекеев баяндады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Басым бағыттардың бірі — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру. Қалада жылу желілерін цифрландыру, SCADA жүйелерін және IoT есепке алу құрылғыларын енгізу жобалары қолға алынған. Алдағы кезеңде бұл шешімдер ТҮКШ саласын Алматының бірыңғай цифрлық егізімен интеграциялауға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде енгізілген шешімдер:

* АлТС базасындағы «Цифрлық жылу желілері» жобасы;
* электр желілерін басқарудың SCADA платформасы;
* iAlma геопорталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету;
* АЛСЕКО бірыңғай есеп айырысу орталығы негізіндегі орталықтандырылған қаржылық есеп;
* инженерлік желілерді түгендеу және цифрландыру жобасы.

2026-2027 жылдары заманауи технологияларға ауқымды көшу көзделген. Негізгі міндет — коммуналдық желілердегі есепке алу құралдарын кезең-кезеңімен IoT құрылғыларына ауыстыру. Бұл деректерді жинауды автоматтандырып, есептің ашықтығын арттырады.

Сонымен қатар, мыналар жоспарланған:

* SCADA және EMS жүйелерімен қамтылған нысандар үлесін 60%-ға дейін жеткізу;
* бақылау құралдарын «ақылды» құрылғыларға көшіру арқылы жаңғырту;
* инженерлік коммуникациялардың 50%-ын цифрландыру;
* магистральдық желілердегі IoT есепке алу құралдарының үлесін 20%-ға жеткізу.

Мейрам Дүйсековтың айтуынша, бұл шаралар коммуналдық инфрақұрылымды басқарудың тиімділігін арттырып, ресурс шығынын азайтуға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Қала деректерін біріктіретін бірыңғай база қалыптастыру үшін Алматының цифрлық егізін құру қажет. Жоба серіктесі ретінде Шэньчжэньдегі SUTPC компаниясы таңдалды. Жоба қазақстандық «Qala AI» компаниясымен бірлесіп, гранттық қаржыландыру негізінде жүзеге асырылады.

Пилоттық аумақ ретінде Жас Қанат шағынауданы белгіленді. 2026 жылы қаңтардан 2027 жылы наурызға дейін инженерлік желілерді түгендеу және толық цифрландыру жүргізіледі. Жүйені толық енгізу мен интеграциялау 2027 жылға жоспарланған.

Қалалық ортаны бақылаудың жаңа тәсілдері де енгізілуде. Алматыда алғаш рет Shenzhen Smart City Group және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп төмен биіктікте ұшатын ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылады.

Алмалы ауданындағы Назарбаев, Абай, Розыбакиев, Райымбек көшелері аралығында жарықтандыру және тазалау сапасын мониторингтеу тестілік аймағы құрылды. Бөкейханов, Рысқұлов көшелері және Алатау ауданының Өжет шағынауданында экологиялық мониторингтің тестілік аймақтары қосымша ұйымдастырылды.

Мейрам Дүйсекеев атап өткендей, ТҮКШ және қалалық инфрақұрылым саласына цифрлық технологияны енгізу басқарудың тиімділігін арттыруға, үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге және алматылықтардың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Талант табыстырған тағдырлар: Мұқағали жыры мен Нұрғиса сазының рухани үндестігі

Новости партнеров