Рамазанға 12 күн қалды: адам ойы үшін жауап бере ме

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Адамның миына бір сәтте сан түрлі ой келеді. Кейде жаныңыз жадыраса, кейде шошып кетесіз.

Almaty.tv тілшісі өзін тәрбелейтін жан үшін пайдалы кеңес ұсынады.

Ізгілік пен күмән. Басқаша айтқанда жақсы және жаман ой, олардың арасы қылдай жіңішке. Сол себепті де өзін тәрбиелеуде ең қиын нәрсе – өзіңмен күресу, нақтырақ айтқанда – ойыңды тізгіндеу.

Ой – амалдың бастауы

Ислам ілімінде де, психологияда да ой – әрекеттің негізі саналады. Әрбір іс алдымен ойда пісіп-жетіледі. Кез келген әрекет аяқ астынан жасалмайды, әуелі адам ойланады, біртіндеп әдетке айналады. Сондықтан ойды бақылау – күнәмен күрестің алғашқы сатысы.

 «Амалдар ниетке байланысты», – деген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у)

Ал ниеттің өзі ойдан туады.

Ғалымдар адамның жүрегіне келетін ойды бірнеше түрге бөледі:

  • Рахмани ой адамды сабырға, кешірімді болуға, жақсылыққа жетелейді. Яғни жүрекке тыныштық сыйлайды.
  • Нәпсани ой  ләззатқа бөленуге, жеңіл жолға, уақытша пайдаға үндейді.
  • Шайтани ой күмән, үмітсіздік, «бір рет қана», «ешкім көрмейді» деген алдау арқылы күнәға итермелейді.
  • Ақылдан  тәжірибе мен логикаға негізделген, бейтарап сипаттағы ой туады.

Адам  ойы үшін күнәлі болмайды, ал сол ойды саналы түрде қабылдап, әрекетке айналдырса, жауапкершілік артылады.

«Үмбетіме жүрегінен өткен ойлары кешірілді, егер оны іске асырмаса және айтпаса», – деген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у).

Демек жақсы не жаман ойды іске асырған жағдайда ғана не сауапқа кенелесіз, не күнәлі боласыз.

Жоғарыда жақсы мен жаман ойдың арасы қылдай жіңішке дедік, қалай ажыратуға болады?

Ойыңыз сізге зиян келтірмеу үшін төмендегі сұрақтарды қойыңыз:

  • Бұл ой жақсылыққа жетелей ме, әлде уақытша дүние ме?
  • Бұл әрекеттен кейін арымды таза дей алам ба?
  • Ойымды көпшілік алдында ашық айта алам ба?

Есте сақтаңыз: Егер ой – адамды жасырын іс істеуге, ақталуға итермелесе, нәпсінің қалауы.

Сөз соңында ойды қалай тізгіндеу жолдарына тоқталайық:

  • Біріншіден, оймен күресуден бұрын оны басқара білу керек. Ойды басқа арнаға бұрған тиімді.
  • Екіншіден, көз бен тілдің тазалығы маңызды. Көздің көргені ойға айналады, тілдің айтқаны жүрекке орнығады.
  • Үшіншіден, рухани тәртіп. Бес уақыт намаз, Алланы еске алу. Ораза тұту.
  • Осы тұста ораза тек тағам жеуден тыйылу емес, көз, ауыз, тіпті ой оразасы болатынын ескере кетейітн. Рухани тәртіп – нәпсінің жауы, яғни оны әлсіретеді.
  • Төртіншіден, ойға уақыт бермеу. Ой ұзақ аялдаса, ниетке, ал ниет әдетке айналады. Басқаша айтқанда жұмыспен айналысу, бос уақытты жақсы дүниеге арнау.

Оқи отырыңыз: Рамазанға 13 күн қалды: махаббат – әрекетпен дәлелденетін сезім

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров