Дархан Сатыбалды Алмалы ауданындағы құрылыс барысын тексерді
Алматының Алмалы ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралап, құрылыс барысымен танысты. Шаһар басшысы жаңа тұрғын үйлер бой көтерген аумақтарда әлеуметтік нысандар да қатар салынуы керектігін атап өтті. Тұрғындарға мектеп, балабақша мен емханадан бөлек, автотұрақтар мен демалыс орындары да қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ ауданның жасыл желегін көбейтіп, жаңа саябақтар ашу міндеті қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алмалы ауданындағы ірі құрылыс алаңдарының бірі Розыбакиев, Райымбек, Әуезов және Төле би көшелерінің аралығында орналасқан. Мұнда бірнеше тұрғын үй кешені салынып жатыр. Аумақтың келбеті өзгеріп, жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Тұрғын үйлермен қатар мектептер мен емханалар салу, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары да қолға алынған.
Қала әкімі Түрксіб ауданындағы «Шығыс қақпасы» полицентрінде орналасқан Almaty Promenade әмбебап кешенінің құрылысымен де танысты. Жоба аясында мұнда су арнасы тартылып, жағалау абаттандырылады. Сонымен қатар гондоламен серуендеуге мүмкіндік беретін демалыс аймағы құрылмақ.
«Қазір біз Dream City Promenade нысанында тұрмыз. Артымызда жаңа қасбеттің үлгісі орналасқан. Ғимараттардың сыртқы келбетін көрсетіп, қолданылатын материалдарды келісіп жатырмыз. Жоба «Шығыс қақпасы» полицентрінде, «Алматы Променад» жобасының маңында орналасқан. Алғашқы екі кезеңнің құрылысы аяқталды. Қазір үшінші және төртінші кезеңдеріне кірісіп жатырмыз. Жұмысты жеделдетіп, жақын арада аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді мердігер ұйымның басшысы Шамиль Галиев.
Жұмыс сапары барысында әкімге экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жаңа технология да таныстырылды. Испаниялық компаниямен бірлесіп сынақтан өткізіліп жатқан құрылғы көліктерден бөлінетін зиянды газдардың мөлшерін қозғалыс кезінде анықтайды. Бұл үшін автомобильді тоқтатып, тексерудің қажеті жоқ. Мамандардың айтуынша, қазір Алматыда 19 тұрақты экологиялық бекет пен төрт жылжымалы зертхана жұмыс істейді.
«Бұл пилоттық жобаның ерекшелігі – көліктерді жол қозғалысынан тоқтатпай, атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың деңгейін тексеру. Яғни, автокөліктің экологиялық нормаларға қаншалықты сәйкес келетінін анықтаймыз», – деді «Eco Almaty» ЖШС атқарушы директоры Ләйлә Мұхамедрахімова.
Қала әкімі жұмыс сапарының соңында жауапты басшыларға құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Әсіресе, жаңа аудандарды әлеуметтік нысандармен қамту, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелеріне баса мән беруді міндеттеді.
Әйкерім Пернебек, Әмина Үсенова, Ялкунжан Әшімжанов, Almaty TV.