Дархан Сатыбалды Алматыдағы жол құрылысының барысын тексерді

Жұбанов, Төле би көшелері мен Рысқұлов даңғылын ұзарту жұмыстары қарқын алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жұбанов, Төле би көшелері мен Рысқұлов даңғылында құрылыс жалғасып жатыр. Шаһар басшысы Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында магистральды және радиалды көшелерді қала шекарасына дейін ұзарту ісін тексерді. Қазір жер телімдерін сатып алу, инженерлік желілерді көшіру, жолдың жер төсемін және жамылғысын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Айта кетейік, құрылыс аумақтардың босатылуына қарай жүргізілуде. Осы ретте есепке алынбаған және иесіз инженерлік желілер қосымша қиындық туғызған. Қала әкімі бұған қарамастан, мүмкіндігінше барлық жұмысты қатар жүргізіп, құрылысты барынша жеделдетуді тапсырды. Шаһар басшысы алдымен Жұбанов көшесіндегі жағдаймен танысты. Қазір мұнда екі бригада және 50-ге тарта техника жұмылдырылған. Одан кейін Төле би көшесінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.

«Бірінші кезең қазір Алатау көшесінен Карьерный көшесіне дейін салынып жатыр. Ұзындығы – 1 шақырым 220 метр. Қазіргі кезеңде үйлердің 90 пайызы сүрілді. Топырақ төселіп, балласт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа, осы жылдың соңына дейін бітіреміз. Жол төрт жолақты болады, екі бағытта қозғалыс қарастырылған. Жолдың екі жағында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар және веложол салынады», – деді мердігер компанияның өкілі Ілесхан Адеев.

«Қазіргі таңда біздің учаскенің ұзындығы – 2 шақырым 200 метр. Соның ішінде 1 шақырым 600 метрі салынды. Бұл учаске Ясауи көшесінен басталып, Алатау көшесіне дейін жалғасады», – деді мердігер компанияның директоры Қанат Дәулетшинов.

Жұмыс сапарындағы келесі нысан Рысқұлов даңғылы болды. Қазір мұнда 200-ге тарта жұмысшы еңбек етіп жатыр. Құрылысқа 150 техника тартылған, оның ішінде 15 экскаватор мен 50 аудармалы жүк көлігі бар. Бұл жұмыстар Алматы үшін стратегиялық маңызы зор жобалар саналады. Олар аяқталғаннан кейін шаһар аудандары арасындағы көлік байланысы жақсарып, тұрғындардың қатынау мүмкіндігі артады әрі қолданыстағы көше-жол желісіне түсетін жүктеме азаяды.

«Рысқұлов даңғылының ұзартылатын бөлігінің ұзындығы – 2 шақырым 300 метр. Ол Алғабас және Теректі ықшамаудандары арқылы өтіп, қала мен облыс аумағының шекарасына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жер қазу және инженерлік желілерді көшіру жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Бүгінгі күні бордюр мен арық орнату жұмыстары 700 метрге жетті», – деді мердігер компанияның өкілі Жанболат Қасымбаев.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер инсульттің жасарып бара жатқанына алаңдаулы