Дәрігерлер инсульттің жасарып бара жатқанына алаңдаулы

Жыл басынан бері 27 мыңға жуық қазақстандық инсультпен ауруханаға түсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дәрігерлер елде инсультке шалдыққандар саны артып келеді деп дабыл қағып жатыр. Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Ал былтыр бұл көрсеткіш 50 мыңға жуықтаған. Биыл алғашқы 6 айда-ақ 27 мыңға жуық адам инсульт диагнозымен ауруханаға түскен. Мамандар мұны халық арасында созылмалы аурулардың көбейіп, өмір салтының өзгеруімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Инсульт қаупі қоғам назарын аударуды талап ететін мәселелердің біріне айналды. Жыл басынан бері Қазақстанда аталған диагнозбен 27 мыңға жуық жағдай тіркелген. Ақ халаттылардың сөзінше, инсульт ми қан айналымының кенеттен бұзылуы салдарынан пайда болатын қауіпті дерт. Ол адамның қозғалысын шектеп, сөйлеу қабілетін бұзып, мүгедектікке немесе өмірге қауіп төндіретін жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар оның алдын алу үшін қан қысымын бақылау және уақытылы тексерілудің маңызды екенін ескертеді.

«Инсульттің алдын алуға арналған арнайы жеке ұсыныстар жоқ. Көбіне берілетін кеңестер жалпы денсаулықты сақтауға бағытталған. Бірақ инсульт қаупі жоғары адамдардың ерекше тобы бар. Оларға қан қысымының жоғары болуы, қант диабеті, атеросклероз, жүрек аурулары бар адамдар жатады. Әсіресе жүрек ырғағының бұзылысы болса, инсульттің даму қаупі одан да жоғары болады. Сондықтан дәл осы адамдар, ең алдымен, қауіп тобына кіреді және денсаулығын мұқият бақылауы қажет», – деді Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығының жетекшісі Жанель Бәкірова.

Арыстанбек Сейітов жақында инсульттен аман қалды. Оның миына қан құйылып, шұғыл медициналық көмек қажет болған. Науқас бұл жағдайға Алматыдан Астанаға қыдырып келген кезде тап болғанын айтады. Алғашында бас айналуын аса қауіпті белгі деп қабылдамаған. Алайда жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген кезде қан қысымы 200-ге дейін көтеріліпті. Ол алғашқы белгілерге мән беріп, дер кезінде мамандарға жүгінгенде асқынудың алдын алуға болар еді деп отыр.

«Уақытылы дәрігерге қаралу керек екен. Менде бір рет осындай жағдай көктемде болған. Сонда Алматыда дәрігеріміз қаралу керек екенін айтты. Сол кезде қаралғанымда кардиомагнил сияқты дәрілер берген еді. Ішкеннен кейін қысымым қалыпқа келді. Кейін емді тоқтатып кеттім. Соны соңына дейін қаралу керек екен. Бірден жедел жәрдемге хабарласқанымда ғой, олар бірден дәрі егіп, осы жерге әкелетін еді. Ол кезде менде инсульт болмайтын еді», – деді науқас Арыстанбек Сейітов.

Дәрігерлер соңғы уақытта инсульттің жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда бұл дерт көбіне 45 жастан асқан адамдарда кездеседі. Бұған халық арасында салауатты өмір салтының төмендеуі, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы және зиянды әдеттердің әсері себеп болып отыр.

«Әдетте, инсульт жастар арасында кездессе, оның негізгі себептері созылмалы аурулар немесе өмір салты болады. Яғни, егер адамда жүрек-қан тамырлары аурулары немесе қан аурулары болса, олар инсульттің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Қазір салауатты өмір салтын ұстанбау, семіздік деңгейінің артуы және дұрыс тамақтанбау инсульттің қауіп факторларының бірі болып отыр. Бұлар инсультке тікелей емес, жанама түрде әсер ететін қауіп факторлары», – деді Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығының жетекшісі Жанель Бәкірова.

Дәрігерлер жаз мезгілінде, әсіресе ауа температурасы жоғары болған кезде, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және қан қысымы жоғары адамдар үшін қауіп артатынын айтады. Себебі қатты ыстық ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Дәл осы кезде туындайтын күрделі асқынулар инсульттің дамуына себеп болуы мүмкін.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Астанада ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді