Дархан Сатыбалды мен Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясы жергілікті кеңесінің отырысын өткізді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясы жергілікті кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиында қала маңындағы елді мекендерді газдандыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және қала шекарасына жақын аумақтарда мектептер салу жайы қаралды, -  деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Кеңестегі негізгі мәселенің бірі Қарасай, Іле және Талғар аудандары тұрғындарын табиғи газбен қамту болды. Инженерлік инфрақұрылымды дамытумен қатар, магистральдық желілерді салумен шектелмей, тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне қосуды жеделдетудің маңыздылығы атап өтілді. Осы мақсатта Алматы облысының әкімдігі халық үшін қолайлы қаржыландыру тетіктерін әзірлеп, елді мекен ішіндегі газ желілерінің құрылысын жеделдетіп, қажетті рәсімдерді жеңілдетеді.

Сондай-ақ, Түрксіб ауданындағы бес көмір базасын көшіру мәселесі қаралды. Қалада сатылатын көмірдің 85 пайызын Алматы агломерасының тұрғындары тұтынатыны, бұл өз кезегінде қаланың инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіретіні айтылды.

Алматы қаласының шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейінгі радиалды жолдарды ұзарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жоба қала бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жер телімдерін сатып алу және жобалық құжаттаманы жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Абай, Рысқұлов даңғылдары мен Саин көшесін ұзарту арқылы ҮАААЖ-ға қосылатын жолдарды қысқа мерзімде қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бұл басым міндеттердің бірі. Қолданыстағы жолдарға түсетін жүктемені азайтып, транзиттік көліктің қала аумағын айналып өтуін қамтамасыз етуіміз және автокөліктің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін төмендетуіміз қажет. Қажетті қаржы бөлінген, жұмыс көлемі айқындалған. Салалық басқармалар жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев агломерация халқының саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, Алатау қаласында, сондай-ақ Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы жаңа тұрғын алаптары қарқынды дамып келеді.

«Осыған байланысты мектептер салуға арналған жер учаскелерін алдын ала анықтау, инженерлік инфрақұрылымды тарту және құрылыс жұмыстарын жедел бастау ерекше маңызды. Сонымен қатар қала маңындағы жолаушылар тасымалы Алматы агломерациясы тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі болып қала береді. Күн сайын облыстың ондаған мың тұрғыны Алматыға қатынайды. Сондықтан қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету, маршрут желісін оңтайландыру және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – негізгі міндеттердің бірі. Біздің мақсатымыз – әкімшілік шекараларға қарамастан, агломерация тұрғындары үшін бірыңғай, қолайлы әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастыру», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Оқи отырыңыз: Алматыда жарты жылда 274 демалыс күнгі жәрмеңке өтті