2026 жылдың алғашқы алты айында Алматыда 274 демалыс күнгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 500 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы келді. Осы кезеңде шамамен 13 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұйымдастыратын жәрмеңкелер отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімдерін делдалсыз, тікелей және қолжетімді бағамен сатуға мүмкіндік береді. Сатып алушыларға көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, кептірілген жемістер мен басқа да тауарлардың мыңнан астам түрі ұсынылады.
Жәрмеңкелерге Алматы қаласы, Алматы облысы және еліміздің өзге өңірлерінен 300-ден астам фермерлік шаруашылық, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер тұрақты түрде қатысады. Бұл формат отандық өндірушілерді қолдауға және азық-түлік бағасының қолжетімді деңгейде сақталуына ықпал етеді.
Қазіргі уақытта демалыс күнгі жәрмеңкелер қаланың бес ауданында – Әуезов, Алмалы, Медеу, Бостандық және Жетісу аудандарында өткізіледі.
Сонымен қатар «Алматы» ӘКК сауда алаңдарын жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі кезде Бостандық ауданындағы «Қазақфильм» шағынауданында және Әуезов ауданында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты Әуезов ауданындағы жәрмеңке уақытша Рысқұлбеков көшесі, 33/2 мекенжайына көшірілді.
Жаңғырту жұмыстары аясында аумақты көркейту, сауда павильондарын жаңарту, санитарлық инфрақұрылымды жақсарту, инженерлік желілерді жүргізу және нысандарды қолданыстағы заңнама талаптары мен Алматы қаласының дизайн-кодына сәйкестендіру көзделген.
Алдағы уақытта жәрмеңке алаңдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен қаланың барлық сегіз ауданында қолға алынады.
Демалыс күнгі жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жәрмеңкелердің мекенжайлары:
* Бостандық ауданы – «Қазақфильм» шағынауданы;
* Әуезов ауданы – Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
* Медеу ауданы – Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
* Алмалы ауданы – Масанчи көшесі (Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы);
* Жетісу ауданы – Құлагер шағынауданы.
Оқи отырыңыз: Алматыда балаларға арнап қолдан жаңбыр ұйымдастырылды