Дархан Сатыбалды отандық тауарларды қала ұйымдарына сату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды

16.02.2026 20:34

Қала әкімі Көкқайнар шағынауданында салынып жатқан «А» санатындағы қойма кешенін аралады

«Отандық тауарларды қала ұйымдары тарапынан сатып алу мүмкіндігін қарастыру қажет». Алматының индустриялық аймағына жұмыс сапарымен барған шаһар әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мегаполис басшысы ат басын бұрған нысандардың бірі – жылына 30 миллион дана тұрмыстық химия мен жеке гигиена құралын шығарады. Ал зауытты іске қосу үшін 3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Осы ретте қала әкімі кәсіптің өркендеуі үшін отандық өндірушілерді демеп жіберу маңызды екенін алға тартты.

Дархан Сатыбалды Көкқайнар шағынауданында салынып жатқан «А» санатындағы қойма кешенін аралады. Оның құрылысын биыл наурызда аяқтау жоспарланып отыр. Нысан қолданысқа берілсе, қаланың логистикалық әлеуетін күшейтіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндік ашпақ.

 «Қойма озық технологиямен салынған және логистикалық сұранысты толық қанағаттандырады. Сонысымен де ерекше деуге болады. Мұндағы қабырғалар жеңіл, әрі суыққа төзімді, ал едені берік. Бұл тауарлардың үлкен айналымымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді логистикалық компанияның иесі Артём Шашин.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында қала әкімі Кіші өнеркәсіптік паркке де барды. Мұнда тәтті нан өнімдері мен еттен жартылай фабрикаттар әзірлейтін тамақ өнеркәсібі нысандары жұмыс істейді. Солардың бірі – тәулігіне 8 тонна өнім шығаратын кондитерлік компания. Бүгінде оның 2 өндіріс орны бар және тек Алматы қаласында 23 дүкені іске қосылған.

 «Осы цехтан күн сайын 8 тоннадай өнім шығарамыз. Дәл қазір үлкен зауыт соғып жатырмыз. Осы жылы аяқтаймыз деген үміттеміз. Ол зауыт салынып болғаннан кейін Алматыдан басқа облыстарға, қалаларға өнім шығармыз деген ойымыз бар», – деді кондитерлік компанияның бас директоры Асылхан Балтабаев.

Оқи отырыңыз: Алматы көктемгі су тасқыны мен қар көшкіні маусымына дайын