Көктемгі дайындық аясында қаладан 147 мың текше метр қар шығарылған
Алматы көктемгі су тасқыны мен қар көшкіні маусымына сақадай сай. Ал ұдайы бақылау мен жедел әрекет ету үшін қажетті ресурстар жеткілікті. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың сөзінше биыл шаһарда тоң қату тереңдігі 40 см-ден төмен болғандықтан, қар суының тез сіңуіне мүмкіндік бар. Жалпы, төтеншеліктер тасқын қаупі бар жеті учаскені бақылауға алған. Бүгінде Көкқайнар шағынауданындағы Боралдай өзенінің арнасы кеңейтіліп, Жәңгір хан көшесінде сорғы станциясын орнатуға дайындық жұмыстары басталған. Ал басқа учаскелердің қауіптілігі орташа деңгейде тұр.
«Ақпанда жылы ауа райын күтеміз. Бірақ жауын-шашын мөлшері шамадан тыс жаууы мүмкін. Жыл сайын қаланың Үлкен және Кіші Алматы, проходная, Теріс бұтақ, Бұтақ, Батарейка сияқты негізгі тау өзендерінде мамырдан шілде айының ортасына дейін су деңгейінің көтерілуі байқалады»,– деді ТЖД Ескерту басқармасының бастығы Алмаз Құрманов.
Көктемгі дайындық аясында қаладан 147 мың текше метр қар шығарылған. 1800-ден аса адам мен 700-ге жуық арнайы техника жасақталған. Ал көшкін қаупін азайту бағытында былтырдан бері сегіз жерде инженерлік іс-шаралар қолға алынған. Олар тұрғын үйлер мен туристік инфрақұрылымды, әсіресе Медеу – Шымбұлақ бағытын қорғайды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мегаполис маусымдық өзгерістерге жүйелі түрде дайындалып жатыр. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаруа алдын ала қолға алынған.
«Барлық мореналық көлдер қысқы режимде және Алматы қаласы үшін қауіп төндірмейді. Жалпы таулы аймақта 165 қар көшкініне қауіпті учаске бар. Оның тек 18 ғана «Қазгидромет», «»Қазселденқорғау аумақтық бөлімшесінің бақылануда. Қалған учаскелер қиын аумақта орналасқан. Соған қарамастан ондай алқаптарда дағдыланбаған туристер еркін баруда. Бұл кейде қайғылы жағдайға әкеліп соғады», – деді ТЖД Ескерту басқармасының бастығы Алмаз Құрманов.
Оқи отырыңыз: Жертөле суға толды: Петропавл қаласының тұрғындары жағымсыз иіске тұншығып отыр