Дархан Сатыбалды Алматының жол инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты
Қазіргі уақытта сатып алынған жер телімдерін босату, инженерлік коммуникацияларды көшіру және жол төсемінің негізін салу жұмыстары жалғасуда
Алматы әкімі жол инфрақұрылымы нысандарын жұмыс барысымен аралап, қаланың көше-жол желісін кеңейту жобаларымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Абай даңғылы мен Саин көшесін ҮАААЖ-ға дейін ұзарту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта сатып алынған жер телімдерін босату, инженерлік коммуникацияларды көшіру және жол төсемінің негізін салу жұмыстары жалғасуда. Көлік қозғалысын жыл соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Радиалды жолдарды ҮАААЖ-ға дейін ұзарту Алматы мен агломерацияның көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарының бірі болып саналады. Жобалар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ қала ішіндегі Жұбанов, Солтүстік айналма жол, Хмельницкий және Мұқанов көшелерін ұзарту жобалары қаралды. Аталған жобалар бойынша құрылыс жұмыстарын бастау үшін жер телімдерін сатып алу және инженерлік желілерді көшіру жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Қаланың өсіп келе жатқан көлік жүктемесін ескере отырып, жол желісін дамыту жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп жатыр.