Ташкент төріндегі жарқын жеңіс: Алматы циркі «Жібек жолында» қос жүлдеге қол жеткізді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ мемлекеттік циркінің артистері II Халықаралық жастар цирк өнері «Жібек жолы» фестивалінде жоғары нәтиже көрсетіп, алтын және күміс жүлдені қанжығасына байлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ташкент қаласында Өзбекцирк ұйымдастырған бұл беделді өнер мерекесі жас дарындарды бір сахнада тоғыстырып, кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденістің алаңына айналды.

Фестиваль көрермендерінің ерекше ықыласына бөленген «Әуе сферасы» атты «жұптық сақина» жанрындағы нөмірді цирк әулетінің лайықты жалғастырушысы Жасмин Алшынбаева мен Авелина Гузей жетекшілері Зарина Тапалованың басшылығымен ұсынды. Артистердің мінсіз үйлесімі, пластикасы мен эмоциялық әсері жоғары бағаланып, оларға алтын жүлде табысталды.

Алматы циркінің артисі Әли Салаватов (жетекшісі - Равиль Сейдгариев) «Еденде доппен жонглерлік» нөмірін жоғары деңгейде орындап, көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленіп, күміс жүлдеге ие болды.

Алматылық өнерпаздардың бұл табысы қазақстандық цирк мектебінің биік деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көп жылдан бері кәсіби шеберлерді тәрбиелеп келе жатқан ұлттық цирк өнері халықаралық сахналарда ел абыройын асқақтатып келеді.

Фестиваль аясында мәдени ынтымақтастықты дамыту жолында маңызды қадам жасалды: Қазақ мемлекеттік циркі мен Өзбек мемлекеттік циркі арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, артистер алмасуды, жаңа қойылымдар әзірлеуді және халықаралық бағдарламаларға қатысуды көздейді.

Фестивальдегі жарқын жеңістер мен қол қойылған меморандум Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, Алматы циркінің халықаралық деңгейдегі беделін тағы да айқындай түсті.

Оқи отырыңыз:2025 жылы Алматыда әлеуметтік осал санаттағы 49 үй газға қосылды

Новости партнеров