Экология және қауіпсіздік: Алматыда қалалық ортаның цифрлық мониторингі кеңейтіліп келеді

06.02.2026 15:21
пресс-служба акима Алматы

Алматыда цифрлық инфрақұрылымды дамыту экология мен қоғамдық қауіпсіздік салаларын кезең-кезеңімен қамтып келеді. Жұмыстың негізгі бағыттары туралы Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков Өңірлік коммуникациялар қызметіде айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Экология: ауа сапасы датчиктері, ҚТҚ бақылау және су ресурсын басқару

Экологиялық блок аясында үш басым бағыт айқындалды: экологиялық мониторинг, қалдықты ақылды басқару және су ресурсын басқару.

Қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау орындары бақылау Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі арқылы жүзеге асырылып отыр. Аталған жүйеге 730 бейнекамера интеграцияланған. Сонымен қатар, қалдықтарды шығару бағыттарын GPS арқылы бақылау енгізіліп, қазіргі қамту деңгейі 65%-ға жетеді.

Ауа сапасын бақылау бағытында қала аумағында 296 датчиктен тұратын желі жұмыс істейді. Оның 200-і 2025 жылы Almaty Air Initiative қорының қолдауымен орнатылған. Бұл қаланың әртүрлі ауданындағы атмосфералық ауаның жағдайын анағұрлым нақты бақылауға мүмкіндік береді.

Қосымша жоспарлар қатарында:
    •    су қорғау аймақтарын Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі арқылы бақылауды күшейту;
    •    экологиялық бақылау мақсатында дрондардың бірыңғай инфрақұрылымын құру;
    •    ҚТҚ шығару маршруттарын бақылау деңгейін 80%-ға дейін жеткізу көзделген.

Мейрам Дүйсековтің айтуынша, цифрлық құралдарды енгізу үдерістің ашықтығын арттыруға, жедел әрекет етуге және табиғатты қорғау шараларының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік: бейнемониторингті кеңейту және 112 орталығын іске қосу

Қоғамдық қауіпсіздік бағыты жеке басымдық ретінде қарастырылып отыр. Қалада жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі, оқиғаларды автоматты түрде анықтау технологиясы және цифрлық хабарландыру тетіктері белсенді түрде қолданылып келеді.

Бүгінгі таңда барлық мектеп, балабақша және денсаулық сақтау нысаны қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтылған.

Бірыңғай бейнемониторинг жүйесінің ауқымы айтарлықтай кеңейді:
2023 жылы қалада 18 мың камера жұмыс істесе, қазіргі таңда олардың саны 65 мыңға жетті.

Жол қауіпсіздігі бағытында жол қозғалысын және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылайтын 1 641 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Бұдан бөлек, биыл 1 наурызға дейін тағы 350 «Сергек» кешенін орнату жоспарланған.

2026-2027 жылдарға арналған жоспар:
    •    жекеменшік камераларды Бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне қосу;
    •    2026 жылы бейнекамералар санын 100 мыңға дейін жеткізу;
    •    бейнеаналитиканың қосымша түрлерін енгізу;
    •    2026 жылы 1 қарашаға дейін «112» жедел басқарудың бірыңғай орталығын құру.

Сонымен қатар, қалада қар көшкінін бақылау және төтенше жағдайлар туралы ерте хабарлау (MassAlert) жүйесі жұмыс істейді.

Мейрам Дүйсековтің айтуынша, экология мен қауіпсіздік саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту тұрақты, қорғалған әрі технологиялық тұрғыдан дамыған қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Цифрлық егіз және «ақылды» ТҮКШ: Алматы инфрақұрылымындағы цифрлық трансформацияның аясы кеңейеді