Жарық шоуына кез келген адам қатыса алады, кіру – тегін
7 және 8 маусым күндері Алматыдағы Абай алаңында сағат 17:30-дан 22:30-ға дейін заманауи этникалық музыкаға арналған жыл сайынғы халықаралық The Spirit of Tengri фестивалі өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Айта кетейік, 8 маусым күні сағат 21:30-дан 22:45-ке дейін халықаралық музыкалық фестиваль аясындағы іс-шараларға байланысты: Абай даңғылы бойынша Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін, сондай-ақ, Достық даңғылы бойында Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейін көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, алдын ала жолыңызды жоспарлауыңызды сұраймыз.
Алматының имидждік мәдени жобаларының біріне айналған бұл фестиваль тағы да мыңдаған көрерменді жинап, дәстүр мен заманауи музыканы, ұлттық тамыр мен жаһандық трендтерді біріктіреді. Биыл сахнада Қазақстаннан, Италиядан, Колумбиядан, Оңтүстік Кореядан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан және Башқұртстаннан келген танымал музыканттар өнер көрсетеді. Қонақтарды қолөнер жәрмеңкесі, түрлі халықтардың этникалық тағамдары және асық ату жарыстары күтеді. 8 маусымда AY YOLA және OTYKEN фестивальдің басты хедлайнерлері болады. Артистердің нақты өнер көрсету бағдарламасын фестивальдің ресми аккаунттарынан көруге болады.
Сонымен қатар 8 маусымда The Spirit of Tengri фестивалінің концерттік бөлігінен кейін, Абай алаңында Республика Сарайының алдында үлкен дрон шоуы өтеді. Жарық шоуы сағат 22:00-де басталады.
Көрермендерді түнгі аспанда Ұлы дала мәдениеті, түркі халықтарының мифтері мен заманауи мегаполис атмосферасынан шабыттанған бейнелерді жасайтын жүздеген дронның таңғажайып көрінісі күтеді. Бұл жоғары технология мен терең символиканың үйлесімі, түп-тамыр, сабақтастық пен даму жайлы көркем визуалды поэма.
Аспанды отбасы құндылықтарының символы ретінде шанырақ, қобыз ұстаған Қорқыт, кітап ұстаған Абай мен домбыра ұстап тұрған Құрманғазы бейнелері жарқыратады. Сондай-ақ, қалықтаған бүркітпен бірге көтерілген күн, «Алматы, сені жақсы көремін» деген жазуы бар жүрек және басқа да бейнелер пайда болады.
Бұл жарық шоуына кез келген адам қатыса алады – кіру тегін.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі қаладағы жол жөндеу жұмыстарын күзге дейін аяқтауды тапсырды