2025-2026 оқу жылының Алматы мектептерінің түлектері қаланың білім беру хабы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, халықаралық деңгейде жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп келеді. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін шаһардың жүздеген 11-сынып оқушысы АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Аустрия, Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея және Түркияның жетекші университеттерінен шақырту мен білім гранттарын алды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматылық оқушылар әсіресе, жасанды интеллект (AI), биохимиялық инженерия, IT, халықаралық логистика және цифрлық коммуникаци сияқты сұранысқа ие әрі технологиялық бағыттар бойынша гранттарға ерекше көңіл бөліп отыр.
Үздік университеттерден шақырту алу саны бойынша дәстүрлі түрде Бостандық ауданының түлектері көш бастап келеді. Биылғы жарқын жетістіктердің қатарында:
Сәлима Дәулеткерей (№105 гимназия), химия пәнінен халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері, әлемдегі ең беделді технологиялық институттардың бірі — EPFL-ге (Швейцария) «Биохимиялық инженерия» мамандығына, сондай-ақ Гронинген университетіне (Нидерланд) шақырту алды.
Арайлым Мұхажан (№92 мамандандырылған лицей), математика және физика бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, бірден үш ірі университеттен шақырту алды: DePauw University (АҚШ), Saint Louis University (АҚШ) және Duke Kunshan University (ҚХР).
Жанель Тен (№22 мектеп-гимназия), француз тілі бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегері, Страсбург университетіне (Франция) оқуға қабылданды.
Мұхамеджан Төлеубек (№140 гимназия), робототехникадан халықаралық жарыстардың жүлдегері, South China University of Technology университетінің «Жасанды интеллект» инновациялық бағытына түсті.
Арайлым Мұхаметқали (№92 мамандандырылған лицей) Massachusetts University (АҚШ), Suffolk University (АҚШ) және The Hong Kong Polytechnic University (Гонконг) университеттерінен шақырту алды.
Еуропа және Азия бағыттарында Алмалы ауданының түлектері де жоғары белсенділік көрсетуде (31 оқушы). Биыл аудан түлектері арасында Аустрияның жетекші жоғары оқу орындары, соның ішінде әйгілі Вена университеті мен Вена экономика және бизнес университеті сұранысқа ие болды.
Сонымен қатар аудан түлектері Harbin Institute of Technology (ҚХР), Xiamen University Malaysia, University of North Florida (АҚШ), сондай-ақ Германия, Чехия, Грекия және Италия университеттеріне оқуға түсті.
Әуезов ауданында биылғы 3099 түлектің 23-і беделді университеттердің гранттарын алуға мақсатты түрде дайындалған. Қазіргі таңда аудан бойынша халықаралық тізімдерде 134 шақырту тіркелген. Ең танымал бағыттар — Гонконг пен ҚХР (60 оқушы), АҚШ (17), Еуроодақ елдері — Аустрия, Чехия, Словакия, Мажарстан, Финляндия, Франция, Италия (19), Түркия (5), Оңтүстік Корея (5) және Ұлыбритания (3).
Алатау ауданында 2859 түлектің 28-і шетелдік жоғары оқу орындарына іріктеуден сәтті өтті. Олардың дені Қытай (13), Чехия (3) және Түркия (2) университеттерінің гранттарын иеленді. Сондай-ақ аудан түлектері АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Әзірбайжан университеттеріне қабылданды.
Наурызбай ауданында 5 түлек шетелдік университеттердің атаулы білім гранттарының иегері атанды. Олар «IT» (Мәскеу университеті), «Педагогика» (City University Malaysia), «Халықаралық логистика және сауда» (Kent University, Ыстамбұл), «Менеджмент» (Karabük University) және «Цифрлық коммуникация» (Гонконг университеті) мамандықтары бойынша білім алады.
Түрксіб және Жетісу аудандары да тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді:
Түрксіб ауданында 11 түлек Ресей (8), Қытай (2) және Түркия (1) университеттерінде білімін жалғастырады.
Жетісу ауданында №118 мектеп-гимназиясы мен №80 жалпы білім беретін мектеп түлектері халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін дәлелдеді: оқушылар Қытай, Ресей университеттеріне және Еуропаның ірі мәдени-ғылыми орталықтарының бірі — Венаға (Аустрия) оқуға түсті.
Алматы қаласының әкімдігі барлық түлекті, олардың ата-анасы мен ұстаздарын осынау тамаша жетістікпен құттықтайды! Жастарымыздың халықаралық аренадағы бұл қадамы — отандық білім беру сапасының деңгейін көрсетіп, Қазақстанның болашақ интеллектуалдық элитасын қалыптастырудың берік негізі болмақ.
Оқи отырыңыз: Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер жалғасып келеді