Алматы өңірдегі негізгі туристік орталықтардың бірі ретінде позициясын нығайтып келеді. Қалада қонақ үй инфрақұрылымы қарқынды дамып, инвесторлардың бұл салаға деген қызығушылығы тұрақты түрде артып отыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
2025 жылы жеке инвестиция есебінен 48 туристік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында қонақ үйлер мен хостелдерден бастап глэмпингтер мен демалыс базалары бар. Жалпы нөмірлік қор 941 бөлме болып, туристерді орналастыру мүмкіндігін кеңейтіп, инфрақұрылымның қолжетімділігін арттырды.
Саланы дамыту жұмыстары 2026 жылы да жалғасады. Жаңа нысандардың бірі қайта жаңғыртудан кейін ашылған Zumma Hotel. Қонақ үйде 77 бөлме, сондай-ақ конференц-зал мен мейрамхана қарастырылған. Бұл қаладағы сапалы орналастыру сегментін одан әрі нығайтады.
Сонымен қатар болашаққа бағытталған ірі жобалар да жүзеге асуда. Бүгінде Алматыда жалпы сыйымдылығы 7 763 бөлме болатын 70 қонақ үй құрылысы жобасы іске асырылып жатыр. Оларды 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беру нөмірлік қорды ұлғайтып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық брендтердің келуі нарыққа қосымша серпін бермек. Алдағы жылдары Hilton Hotels & Resorts, Sheraton Hotels and Resorts, Radisson Hotel Group және Marriott International басқаруындағы қонақ үйлер ашылмақ.
Туристер санының жыл сайын артуы мен инвестицияның өсуі аясында Алматы саяхат пен іскерлік сапарлар үшін заманауи әрі жайлы қала ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.
Оқи отырыңыз:Алматыда мамыр айының басынан бастап субұрқақтарды кезең-кезеңімен қосылады