Ғылымдағы жасанды интеллект: Мамандар кері есептерді шешудің жаңа тәсілдерін сараптады
Ғалымдардың айтуынша, жасанды интеллектіні мұндай зерттеулерде қолдану ғылыми ізденістердің аясын кеңейтеді
Алматыда жасанды интеллектінің ғылымдағы мүмкіндіктері мен оны күрделі математикалық есептерді шешуде қолдану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық конференцияда бас қосқан мамандар кері есептерді шешудегі жаңа тәсілдерге назар аударды. Ғалымдардың айтуынша, жасанды интеллектіні мұндай зерттеулерде қолдану ғылыми ізденістердің аясын кеңейтеді.
«Біз жасанды интеллектіні кері есептерді шешуде қолдану, оның мүмкіндіктері мен тиімділігін талқылап жатырмыз. Ал кері есептер дегеніміз – адам ағзасындағы немесе жер қойнауындағы әзірге белгісіз параметрлерді анықтауға мүмкіндік беретін математикалық әдістер», – деді Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі Сергей Кабанихин.
Жиында жасанды интеллектінің инженериямен байланысына да ерекше назар аударылды. Мамандардың пікірінше, цифрлық технологияны тек теория жүзінде дамытып қоймай, оны нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттау маңызды. Бұл ретте инженерлік ғылым мен жасанды интеллектіні ұштастыру жаңа технологиялық өнімдердің пайда болуына жол ашады.
«Президент жасанды интеллектіге бағытталған Жолдауында айтып өткендей, 3 жылдың ішінде цифрлы елге айналуымыз керек. Цифрлы елге айналудың басты бұлағында тұрған нәрсе – жасанды интеллекті инженерлік бағытпен салыстыру. Сонда ғана нақты өнім ала аламыз», – деді ¤Абай атындағы ҚазҰПУ Математика және компьютерлік модельдеу кафедрасының меңгерушісі Мақтағали Бектемесов.
Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект дәуірі: колледж түлектерінен қандай дағдылар талап етіледі