Иса Байзақовтың 125 жылдығы: Алматыда музыкалық байқау өтті

29.10.2025 16:36

Байқауда жүзге жуық өнерпаз бақ сынады

 

Алматыда қазақтың атақты ақыны, композитор Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған музыкалық байқау өтті. Іс-шараға қатысуға жүзге жуық өнерпаз өтінім беріп, оның 35-і финалға жолдама алған. Олардың қатарында Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектептердің дарынды оқушылары мен Чайковский колледжінің өнерлі жастары бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қатысушылар домбыра, қобыз, сазсырнай және сыбызғы аспаптарында ойнап, ақынның "Қалқан",  "Желдірме" сияқты шығармаларын орындады.

Айта кетейік, аталмыш фестивальді композитордың отбасы, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы, сондай-ақ қалалық Білім басқармасы ұйымдастырған.

«Балалар өте керемет дайындықпен келген. Бірінен бірі өтеді. Елімізде мұндай өнерлі жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Менің ойымша, бұл фестиваль оларға Иса Байзақовты жақын тануға, одан бөлек, ұлттық әндеріміз бен күйлерімізді дәріптеуге үлкен көмек», - деді И. Байзақовтың немересі Құралай Байзақова.

«Ең алдымен айтарым, бұл шараның талапкерлер мен өнерпаздар үшін тәрбиелік мәні зор. Екіншіден, балалар бір-бірімен танысып, өз өнерін шыңдап, жетіле түседі. Бұл – біздің балаларымыз үшін үлкен өнеге. Өйткені олар тек Иса Байзақовтың өмірімен танысып қана қоймай, бүгін оған арналған арнайы шығарылған үлкен кітапты сыйлыққа алады. Сондай-ақ Иса Байзақовқа арналған фильм де көрсетілмек», – деді қазылар алқасының төрағасы, «Көкіл» мектеп-колледжінің директоры Абдулхамит Райымбергенов.

Оқи отырыңыз: Алматының жоғарғы бөлігінде әлеуметтік нысандар ғана салынбақ