Қазақстаннан шетелге ағаш материалдарын шығаруға қойылған шектеу тағы да ұзартылды, — деп хабарлайды Almaty.tv Zakon.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы ағаш материалдарының жекелеген түрлерін ел аумағынан әкетуді реттеуге қатысты жаңа бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, отандық шикізат нарығын қорғау мақсатында енгізілген шектеу шараларының мерзімі тағы да ұзартылып отыр.
«Теміржол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған ағаш шпалдарды және шыққан елі Қазақстан Республикасы болып табылатын "Ағаш түйіршектері" кодын қоспағанда, шығарылған еліне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін алты ай мерзімге көліктің барлық түрлерімен әкетуге тыйым салу енгізілсін», — делінген ресми құжатта.
Ведомствоның мәліметінше, бұл бұйрық 2026 жылғы 12 маусымнан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі. Шешім ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етуге және осы саладағы заңсыз экспорттың жолын кесуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Көлсай, Бурабай және Алтынемел: Қазақстанның ұлттық парктеріне келушілер саны 3,7 млн адамға дейін өсті