Қала күні: шетелдік қонақтар Алматының нышандарымен әуежайдан бастап танысты

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шетелдік туристерді қазақтың ұлттық киіміндегі батырлар мен хостестер қарсы алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала күніне орай Алматы қаласының Туризм басқармасы Алматы халықаралық әуежайында шетелдік туристерге арналған арнайы қарсы алу бағдарламасын ұйымдастырды. Бағдарламаның басты мақсаты – қонақтарды Алматы қаласымен, оның мәдениетімен және танымал нышандарымен таныстыру, деп хабарлайды Almaty.tv

Сол нышандардың бірі - Алматы апорты. Мерекелік қаптамаға салынған әйгілі алмалар қала атынан сыйлық ретінде шетелден келген туристерге табысталды. Сондай-ақ шетелдік қонақтарға Алматының көрікті жерлері бейнеленген естелік кәдесыйлар тарту етілді.

Шетелдік туристерді қазақтың ұлттық киіміндегі батырлар мен хостестер қарсы алды. Олар мерекелік іс-шараға ұлттық нақыш беріп, қонақтарға қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін таныстырды.

Әуежайда Алматы тақырыбында арнайы фотоаймақ та жасақталды. Қала қонақтары ұлттық образдағы қатысушылармен естелік суретке түсіп, дайын фотосуретін сол жерде бірден ала алды.

Ұйымдастырушылардың бастамасы туристердің Алматы туралы алғашқы әсерін әуежайдан бастап қалыптастыруды көздейді. Қаланың танымал нышандары мен ұлттық мәдениет элементтері арқылы шетелдік меймандар Алматының өзіндік ерекшелігімен келген сәттен-ақ танысуға мүмкіндік алды.

Қала күні аясындағы бұл шара Алматыны халықаралық туристік бағыт ретінде танытуға және шетелдік қонақтарға қаланың мәдениеті мен қонақжай атмосферасын көрсетуге бағытталған.

Оқи отырыңыз: Қала күніне орай Алматы музейлерінде «Ашық есік күні» акциясы өтеді