Қала күніне арналған мерекелік іс-шараларға 500 мыңнан астам халық қатысты
Мерекелік бағдарлама қаланың барлық жастағы тұрғындарына арналған түрлі форматтағы іс-шараларды қамтыды
Бүгін қалада тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған Қала күніне арналған негізгі ауқымды мерекелік іс-шаралар өтті. Бір күн ішінде шаһардың түрлі алаңдарында ұйымдастырылған мәдени, спорттық, шығармашылық және қоғамдық іс-шараларға 500 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv
Мерекелік бағдарлама қаланың барлық жастағы тұрғындарына арналған түрлі форматтағы іс-шараларды қамтыды.
Мерекелік күннің негізгі оқиғалары Абай мен Астана алаңдарында, Панфилов және Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелерінде, сонымен қатар қаланың 8 ауданында ұйымдастырылған қосымша алаңдарда өтті.
Абай алаңы
Негізгі іс-шаралардың шымылдығын Абай алаңында қала әкімінің қатысуымен өткен басты мерекелік концерт ашты. Атаулы кеш барысында Дархан Сатыбалды алматылықтарды Қала күнімен құттықтап және қаламыздың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларды «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады.
Бұл алаңдағы мереке «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері, ASU ұжымы және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнер көрсетуімен жалғасып, атақты пианист Ratovich концертімен және Best of NE PROSTO ORCHESTRA бағдарламасымен аяқталады.
Абай алаңында күні бойы қонақтар үшін «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», балалар алаңы, AI & ROBOT ZONE, крафт ойындар аймағы, «Ажарлы Алматы» кәсіби суретшілер байқауының қатысушыларының жұмыстарынан құралған көрме алаңы және фуд-корт жұмыс істеді.
Астана алаңы
Астана алаңындағы сахнада ауқымды екі концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, күндізгі мерекелік іс-шарада «Сенім» вокалдық хоры, «Отырар сазы» академиялық оркестрі, «Рабат» ансамблі, «Астра» тобы, Muzart Life және басқа да орындаушылардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтті.
Кешкі «Almaty Vibes» атты музыкалық фестиваліне рекордтық халық саны – 110 мыңнан астам көрермен жиналып, танымал эстрада жұлдыздарының өнерімен қатар, бірегей 3D Mapping Show жобасын тамашалады. Бұл кеште сахнада Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай және басқа да танымал артистер өнер көрсетті.
Панфилов - Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелері
Панфилов жүргіншілер көшесінде қонақтар үшін балалар және этноаймақтар, экоаймақ, киноаймақ, Digital-аймақ, спорт алаңы мен фуд-корт дайындалды. Бұл алаңның басты оқиғаларының бірі – Алма жәрмеңкесі.
Биыл жәрмеңкенің сауда орындары Қазыбек би көшесінің Панфилов пен Назарбаев көшелері аралығында орналасып, қала тұрғындары мен қонақтарын үшін таңғы сағат 10:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеді.
Жібек жолы жүргінші көшесінде концерттік бағдарлама, қуыршақ театрының қойылымы мен шығармашылық жобалардың алаңына айналды. Сондай-ақ мұнда 60-тан астам баспа мен кітап дүкенін біріктіретін дәстүрлі Kitap Fest кітап жәрмеңкесінің бірінші күні өтті.
Сонымен қатар «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда дәстүрлі музыка өнерінің танымал орындаушылары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен «Ән мен күйдің бесігі» концерті және Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайбергенов, Еркеш Хасен және басқа да артистер өнер көрсеткен «Jana Lep» концерті өтті.
Қаланың аудандарында да ауқымды бағдарлама дайындалып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар легі 20 қыркүйек күні де жалғасын тауып, қала тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени демалыс сыйлайды.
Оқи отырыңыз: Ұлықбек Есдәулет: Алматы – қанша оқысаң да жалықтырмайтын кітап