Ұлықбек Есдәулет: Алматы – қанша оқысаң да жалықтырмайтын кітап
Қаламгерлер Алматы туралы естелік айтып, лебізін жеткізді
Алматы – талайдың тағдырына із қалдырған, жүрегінен ерекше орын алған қала. Бірі арман қуып келсе, енді бірі бұл мекенде үлкен өмірге аяқ басады. Бүгінде мегаполис күн санап көркейіп, аумағын кеңейтіп, жаңа келбетке ие болып келеді.
Қала күні қарсаңында Алматыны жастайынан көріп, оның дамуына куә болып келе жатқан қаламгерлер шаһар туралы ыстық естеліктер мен ақжарма тілегін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv
«Ауылда 7-класста оқып жүргенде ұстазымыз Тоқсанбаев балалардың ішінен Алматыны көрсетем деп таңдап алды. Ол кезде Алматыны көру – ерекше тарихи оқиға. Мінекей, содан бері 63 жыл өтіпті», – деді жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай.
«Алматы – Алматы болғаннан бері Қазақстандағы, әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі. Енді күн сайын сол әдемілігіне әдемілік қосып келе жатыр. Әсіресе, қала өсіп, қанатын кеңге жайды. Жаңадан салынып жатқан үйлер қаланың көркін ашып тұр. Сондықтан, Алматыда тұратын бүкіл халыққа жақсылық тілеймін», – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
«Әлемнің қай түкпіріне барсақ та, қай құрлығы мен мұхитында жүзіп келсек те, сағынып жететін жеріміз – Алматы. Алматының тауы мен бауы, ауасы, бояуы, өзінің бір симфония сияқты музыкасы бар қала. Алматы деген бір сүйікті кітабың сияқты. Келіп күнде оқитұғын. Қанша оқысаң да жалықтырмайтын кітап – Алматы деп айтар едім», – деді ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.
Оқи отырыңыз: КітапFest: Алматыда әдебиет пен оқырманды тоғыстырған кітап жәрмеңкесі басталды