Іс-шара барысында қоғамдық орындар мен мәдени мекемелерге іргелес аумақтар тазартылды
Алматы қаласында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жалпықалалық сенбілік өтіп, оған мәдениет саласының өкілдері белсенді қатысты. Бұл экологиялық акция қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттырып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сенбілікке «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры, «Алматы әуендері», Қазақ мемлекеттік циркі, сондай-ақ Алматы қаласы музейлер бірлестігінің мамандары, қалалық кітапханалар мен зообақтың қызметкерлері қатысты. Қатысушылар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, көркейту және көгалдандыру ісіне белсенді атсалысты.
Іс-шара барысында қоғамдық орындар мен мәдени мекемелерге іргелес аумақтар тазартылып, қоқыс жиналды, жасыл желектерге күтім жасалды, сондай-ақ қаланың келбетін жақсартуға арналған жұмыстар жүргізілді. Мұндай игі істер тазалықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар халықтың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Шығармашылық орта өкілдері сенбіліктің тазалық жұмыстарымен шектелмейтінін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық сананың айқын көрінісі.
«Тазалық – әр азаматтың ортақ міндеті. Осындай іс-шаралар арқылы біз қоршаған ортаға қамқорлық танытып қана қоймай, қоғамдағы мәдениет пен жауапкершілік деңгейін де арттыра түсеміз», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артисі Саттар Ерубай.
«Қала тазалығы – тұрғындардың бірлігі мен туған жерге деген жанашырлығының көрінісі. Біз мұндай игі бастамаларды әрдайым қолдаймыз және оған қатысуды азаматтық парызымыз деп білеміз», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артисі Бибігүл Қилымхан.
Бұл игі дәстүр алматылықтарды қоршаған ортаны аялауға, қоғамдық орындарда тазалық сақтауға және ортақ жауапкершілікті сезінуге үндейді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастырып, тұрақты даму қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Оқи отырыңыз: Асылы Осман: Елімізге жанашырлық таныту – әр азаматтың парызы