Мегаполисте креативті индустрия саласында 21 мыңнан астам субъект жұмыс істейді
Colisium және IMX Shanghai халықаралық платформалары музыка индустриясы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім Азия және ТМД елдері арасындағы кәсіби байланысты дамытуға бағытталған. Бірлескен жобалар талқыланатын алаңдардың бірі Алматы болмақ. Мұнда 20-21 қараша күндері Марков көшесі, 44 мекенжайындағы Almaty Creative кеңістігінде Colisium Almaty конференциясы өтеді. Бұл туралы қалалық Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Меморандумға 29-31 қазан аралығында Қытайда өткен IMX Shanghai музыкалық форумы барысында қол қойылды. Тараптар концерт ұйымдастырушылары, продюсерлер, музыкалық лейблдер мен артистердің менеджерлері арасындағы ынтымақтастықты дамытуды көздеп отыр.
Конференцияда Қытай музыка нарығының қыр-сыры, шетелдік орындаушыларды жергілікті аудиторияға таныту жолдары және гастрольдік концерттерді ұйымдастыру тәртібі талқыланады. Жиынға Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей және Өзбекстаннан келген сала мамандары да қатыспақ.
Бағдарламада музыканы халықаралық платформалар арқылы тарату, шетелде концерт өткізу, музыкалық лейблдермен жұмыс істеу және артистердің халықаралық фестивальдерге қатысуы секілді өзекті мәселелер қамтылған.
Бұл кездесу қазақстандық орындаушылар мен продюсерлерге шетелдік музыка бизнесінің өкілдерімен тікелей ынтымақтастық жайын талқылауға жол ашады.
Алматыда креативті индустрия саласында 21 мыңнан астам субъект жұмыс істейді. Музыка саласы – осы сектордың маңызды бағыттарының бірі.
Оқи отырыңыз: Қазақтың Қыз Жібегі: Алматыда Меруерт Өтекешованың мерейтойына арналған кеш өтті