Қазақтың Қыз Жібегі: Алматыда Меруерт Өтекешованың мерейтойына арналған кеш өтті
Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлі арқылы көпшілікке танылған Қазақстанның халық артисі Меруерт Өтекешованың 75 жас мерейтойына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кеш өтті. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері атанған актрисаның мерейтойына орай концерттік және театрландырылған бағдарлама әзірленді.
«Әуезов «Қазақ әйелінің қасиеті қай елдігінде емес, әйелдігінде» деген. Сол қазақ әйелі қандай болуы керек десе, Меруерт апаны айтатын едім. Өйткені біреулер сыбдырлап сөз айтып жүргендер ол кісінің жолымен жүріп көрсін. Өзі – тағдырдың тауқыметін де көрген, өнердің де салмағын, жүгін көтеріп жүрген қарапайым ғана өте парасатты жан», – деді актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
Кешке Меруерт Өтекешеваның әріптестері, өнердегі шәкірттері мен өзге де өнерпаздар қатысты. Көрермендерге актрисаның өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректі бейнеролик те көрсетілді.
Кеш «Алатау» театры артистерінің орындауындағы «Мереке-думан» хореографиялық композициясымен ашылды. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен «JAN» иммерсивті театрының актерлері театрландырылған қойылым ұсынды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының артистері «Қыз Жібек» музыкалық драмасынан үзінді орындады. Сонымен қатар сахнада Меруерт Өтекешова сомдаған Қарагөз бейнесі қайта жаңғырды.
«Құман ағамыз, Төлегенім жанымда жоқ. Былтыр Бекежан – Асанәлі аға кетті. Сондықтан киноға қатысқан апаларымызды, аталарымызды есіме түсіремін, сағынасың. Кейде қайтадан сол сьемка басталса, қайтадан сол кісілермен бірге жұмыс істесем» деп ойлайсың. Бірақ уақыт қайта келмейді», – деді театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова.
Кештің музыкалық бағдарламасына «Жизель» балетінен адажио, «Аққу» күйі, «Махаббат майданы» әні және басқа да шығармалар енді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындады.
Мерейтойлық іс-шараға актрисаның шәкірттері мен әріптестері де қатысып, оның қазақ театры мен кино өнерінің дамуына қосқан үлесіне құрмет көрсетті.
Шығармашылық кеш «Театр – біздің тағдырымыз» композициясымен түйінделді.
Оқи отырыңыз: Қызылордада Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды