Атыраудағы ескі көпірде ауыр көліктердің жүруіне шектеу қойылуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv

Орталық көпірдің жарықтарына қатысты түпкілікті шешім техникалық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана қабылданады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау халқын қаладағы көпірлердің техникалық жайы алаңдатып отыр. Олар тәулігіне мыңдаған көлік өтетін орталық өткелде жарықтар пайда болғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Атыраудағы ең маңызды орталық көпірдің бірі. Күніне бұл жолмен мыңдаған көлік қатынайды. Бір апта бұрын мұнда пайда болған жарықтардан жүргізушілер қорқып қалғанын айтады. Себебі 60 жыл бұрын салынған өткел адам өмірі үшін қауіпті дейді.

«Бір емес екі жерден жарылып тұр. Ал егер опырылып түсіп кетсе, кім жауап береді. Бәленбай адамның өміріне қауіпті», – деді тұрғын.

«Әкімдік қолға алу керек. Тез жабу керек деп ойлаймын», – деді тұрғын.

Қаладағы көпірлерге 2023 жылы техникалық тексеріс жүргізіліп, апатты деуге тұрарлық нысан анықталмапты. Тіпті 1965 жылы салынған орталық өткелдің де «жағдайы қанағаттанарлық» деген қорытынды шыққан. Енді жауаптылар орталық көпірге арнайы белгі орнатып, ауыр жүк көліктерін жүргізбеу туралы шешім қарастырмақ.

«Орталық көпірді техникалық тексеруден өткізіп жатқан компаниядан ұсыным хат сұраттық. Олар көпірді әрі қарай қалай пайдалануға болатыны жөнінде ұсыныс береді. Мүмкін, көпірді жабатын шығармыз, болмаса жүк көліктері мен ауыр техникалардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін», – деді Автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Сәлімжан Мұсабаев.

Орталық көпірдің жарықтарына қатысты түпкілікті шешім техникалық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана қабылданады. Қазір қаладағы 6 өткелге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті қорытынды алынғаннан кейін жобалау сметалық құжаттама жасалады.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Астана – Алматы және Астана – Семей бағыттарына заманауи жаңа пойыздар жолға шығады