Құрылтай есімді алматылыққа сайлау учаскесінде естелік сыйлық табысталды

23.08.2026 14:02

Сондай-ақ этномәдени бірлестік өкілдері сайлауға шашумен келді

Бүгінгі саяси науқандағы ерекше сәйкестік! Құрылтай Құрылтай сайлауында дауыс берді! Алматыдағы №140 сайлау учаскесіне Құрылтай есімді қала тұрғыны келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ол Әуезов ауданындағы №1 мектеп-гимназиясында орналасқан №140 сайлау учаскесінде дауыс берді. 80 жастағы Құрылтай Мансұровқа естелік сыйлық табысталды.

«Бүгін – еліміз үшін қуанышты, жаңаруға бастайтын ерекше күн. Бұл – жастарымыздың болашағы. Біз бұған өте қуаныштымыз. Елімізде әрдайым береке мен тыныштық болсын», – деді зейнеткер Құрылтай Мансұров.

Ал Наурызбай ауданында этномәдени бірлестіктің өкілдері дауыс беруге шашу шашып кірді. Жүздеген адамның бұл идеясы №542 сайлау учаскесінде ерекше көңіл күй қалыптастырды.

Қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киім-кешекпен сәнденген ақ жаулықты әжелер саяси науқанға белсенді қатысты.

Айта кетейік, №542 сайлау учаскесі №187 мектеп ғимаратында орналасқан. Мұнда сайлаушылар таңнан бері мәре-сәре.

«Үш көшенің бойындағы жиналған, жасымыз бар, кәріміз бар, жүз шақты адам келдік. Құрылтайдан күтетін үмітіміз өте зор. Бұл – бүкіл Қазақстан елі бойынша үлкен мереке ғой. Сондықтан келешекте де осы қуанышымыз ұзағынан болсын деп шашуымызды шашып, ізгі ниетімізді, тілегімізді білдіріп келдік», – деді қала тұрғыны Орал Нұрмұханбетова.

Оқи отырыңыз: Алматыда ерекше образбен келген сайлаушылар көпшілікті таңғалдырды

Толық көрсету