Құрылтай сайлауы: алматылық өнер майталмандары белсенділік танытты

23.08.2026 19:31

Алматылық зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары Құрылтай депутаттарының сайлауында жоғары белсенділік танытып жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сауық Жақанова сайлаудың әділ өтуі, ең алдымен, өзімізге байланысты екенін атап өтіп, №190-ыншы жалпы білім беретін мектепте орналасқан дауыс беру орнында өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ қазақ радиосының сандуғашы атанған тұлға құрылтай депутаттарының қатарында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жанашыр азаматтар көптеп келсе екен деген тілегін білдірді.

«Біздер үлгі көрсетуіміз керек қой. Отанымыз, еліміз үшін, ертеңгі күннің жақсылығы, бақыты үшін жастарға өнеге көрсету керек. Күннен-күнге жақсылыққа бой ұсынып келміз,көріп келе жатырмыз», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сауық Жақанова.

Сонымен қатар алматылық өнер иелері де саяси науқанға белсене қатысып, азаматтық таңдауын жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Айжан Нұрмағамбетова ел келешегіне қатысты маңызды шешімге әр азамат жауапкершілікпен қарауы керек екенін атап өтті. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шадаева Алматыдағы №492 учаскеге келіп, дауыс берді.

«Құрылтай – елдің болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын үлкен алаң. Сондықтан әр азамат таңдауына жауапкершілікпен қарап, ел ертеңіне бей-жай қарамауы керек деп ойлаймын. Бүгін азаматтық таңдау жасадым. Еліміздің болашағы жарқын болсын!» – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағанбетова

Оқи отырыңыз: Досхан Жолжақсынов пен Қаракөз Сүлейменова азаматтық таңдауын жасады

Толық көрсету