Қала келбеті: Тереңқұр толық жаңғырып, алматылықтардың сүйікті демалыс орнына айналды

31.10.2025 13:47

Жүргіншілер жолы 20 жылдан кейін қайта түлеп, адам танымастай өзгерді

Соңғы екі жылда Алматыда бір миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызылды. Соның есебінен, қала күн сайын түрленіп, жаңарып келеді. Ал жасыл желекке бөленген аймақтың бірі – Тереңқұр. Көпшілік жақсы білетін бұл жер бүгінде тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да сүйікті орнына айналып үлгерген. Ең қызығы, жүргіншілер жолы 20 жылдан кейін қайта жаңғыртылып, адам танымастай өзгерген еді. Аlmaty.TV-нің «Қала келбеті» айдарының кезекті шығарылымы демалыс аймағының өткені мен бүгіні жайлы болмақ.  

Өткенге көз тастасақ, денсаулық жолы 1974 жылы ашылған еді. Дегенмен, жекенің қолында болған 3,4 гектар жер екі жыл бұрын ғана коммуналдық меншікке қайтарылған болатын. Сол кезде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, былтыр шілде айында Тереңқұрды жаңғырту жұмысы басталыпты. Ал іс биыл толықтай аяқталып отыр. Нәтижесінде, аймаққа көгал егіліп, тұрғындардың уақытын тиімді өткізуі үшін жағдай жасалыпты.  

«Бұл учаскеде атқарылған іске тоқталсақ, алдымен, аумаққа түгелдей дерлік көгал егілді. Автоматты суару жүйесі орнатылды, жаяужол тасы ауыстырылды. Амфитеатр салынып, сахна құрылды. Сондай-ақ 3 теннис және 4 шахмат үстелі қойылды. Және екі балалар алаңқайы, екі воркуат алаңы келушілерге қызмет көрсетеді. Одан бөлек, өзен жанына ұзындығы 750 метр болатын жаңа жүргіншілер жолын салдық», - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Данияр Былқылов.

Сондай-ақ жарық шамдардың саны артып, түнгі уақытта қозғалысқа кедергі тумауы үшін инфрақұрылымы жаңғыртылған. Одан бөлек, қауіпсіздікті сақтау мақсатында айналаға камера қойылыпты. Бастысы, кеңістік табиғи бейнесін сақтай отырып, көпшілікке ыңғайлы болатындай жобаланған.  

«Бұрын бұл жерде балалар ойнайтын алаң болмаған. Қызыммен серуендеп келетін едік, бірақ ойнайтын жер таппайтынбыз. Қазір тамаша жаңа алаң ашылды. Маған әсіресе жеріне құм төселгені ұнайды – бала құласа да жарақат алмайды. Ауа таза, көліктердің даусы да естілмейді», – деді қала тұрғыны Сәуле Досанова.

«Бұл жер жанға өте жайлы. Өткен кезеңмен салыстырсақ, мұнда орындықтар көп қойылды, мамандар айналаны күтіп-баптап жатыр. Өзім үйге келген қонақтарды Тереңқұрға әкеліп, серуендетемін. Себебі, осы мекен бәрімізге ұнайды. Керек десеңіз, көңіл көтереміз, фотоға түсеміз», - дейді зейнеткер Гүлнәр Тұқаева.

Атап өтейік, көрікті жер Достық көшесінің шығыс бөлігінде орналасқан. Жүргіншілер жолы Оқушылар сарайын кесіп өтеді. Кез келген адам теңіз деңгейінен 1080 метр биіктікте орналасқан Көктөбе мұнарасын кедергісіз көре алады. Жаңғыртылған Тереңқұр – адамға тыныштық пен жылылық сыйлайды. Ал осындай көрікті орындар көбейген сайын, Алматы жасыл қала кейпін сақтап, табиғат пен өркениет үйлескен өмірдің шырайы екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсетіндей. 

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі қала тазалығын бақылауға алу мен тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беруді тапсырды