Рухани-мәдени шара «Шаңырақ» орталығында ұйымдастырылды
Қарттар күні қарсаңында Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығында рухани-мәдени іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Қарттарым – асыл қазынам» атауымен өткен мерекелік кеште қарияларға құрмет көрсетілді. №176 мектеп-гимназия оқушылары егде жастағы кісілерге ән мен күйден шашу шашты. Қара өлеңнен жыр төгіп, қолмен жасаған сыйлықтарын тарту етті. Жас буын қариялардың өмірлік ғибратты әңгімелерін, құнды ақыл-кеңестерін тыңдады.
Атап өтер жайт, 2001 жылдан бері жұмыс істейтін бұл орталықта қазір 300-ден аса қарт тұрады.
«Бүгінгі өткізіп жатқан іс-шарамыз 1 қазан – Халықаралық қарттар мерекесіне арналған. Алдағы 1 ай бойы қарттар айлығы болады. Жан-жақтан: жоғарғы оқу орындарынан, мектептен, еріктілер келіп, ата-апаларымызға концерт қойып, сый-сыяпаттарын беріп жатады»,- деді «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Нәзира Жүсіпбекова.
«Біздің мектебімізде бұл жыл сайын өткізілетін іс-шара, яғни кішігірім дәстүріміз десек те болады. Жыл сайын осылай қарттар үйіне, балалар үйіне келіп, балалардың, қарттардың көңілін аулауға тырысамыз», - деді оқушы Арай Еркін.
Оқи отырыңыз: Almaty Ustazy байқауының ақтық кезеңі аяқталып, үздіктер анықталды