Келешек метептері: Алматының Алатау ауданында 3 мыңнан аса оқушы жаңа білім ордасында оқиды

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 35 мың орындық 21 мектептің құрылысы жүріп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық бүлдіршіндер биылғы оқу жылында жаңа мектептің табалдырығын аттады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алатау ауданына қарасты Самғау, Қарасу шағынауданындағы білім ордалары 3 мыңнан аса оқушыны қабылдады. Жамбыл Жабаев атындағы № 161 лицей күрделі жөндеуден өтіп, жұмысын қайта бастады.

Алатау ауданындағы № 217,  № 218 білім ордалары университет кампусы негізімен салынған. Бүгінде аталмыш білім ордалары 3 мыңнан аса баланы қабылдап, алғашқы қоңырауын соқты.

«Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған күн. Балаларымыз керемет мектептің ішінде білім алады. Білімді балалар, мемлекет тұғырын ұстайтын, елінің қамын ойлайтын азаматтар өседі деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Назгүл Тоқшылықова.

Білім ордалары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Бір ауысымды мектептер 2 мың балаға шақталған. Онда оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Интерактивті тақта, робототехника мен STEM бағытындағы сыныптар, спорт зал мен акт залы және асхана бар.

«Бүгінгі таңда 1598 оқушы қабылданды. Соның ішінде198 бала – 1-4 сынып оқушылары. Мектеп 3 қабатты, 80 модефикациялық оқу кабинетінен тұрады. Сонымен қатар мектепте инклюзия кабинеттері, сенсорлық кабинет және мүмкіндігі шектеулі оқушылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға кіреберісте барлық жағдай жасалған», – деді № 217 жалпы білім беретін мектептің директоры Айза Мұхтарқұлова. 

Жамбыл Жабаев атындағы № 161 лицей күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Медеу ауданындағы нысанның негізі 1938 жылы қаланған. Ал былтыр толық жөндеуге жабылған. Бүгінде 540 оқушы қабылданды.

«Қазіргі уақытта жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытамыз. Мектебіміздегі жас мамандар, мұғалімдер – жоғары білікті мамандар. Оқушыларымыздың жетістіктері өте жоғары», – деді Ж. Жабаев атындағы № 161 лицейінің директоры Тұнық Сарыбаева.

Айта кетейік, қалада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 35 мың орындық 21 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

 Диана Тұрлыбек, Ханкелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа мектептер ашты

Новости партнеров