Кәсіпкерлердің қаржылық есебін сауатты жүргізуіне жол ашып, құжаттағы олқылықтарды азайтуға бағытталған бұл бастама 30 маусымға дейін жалғасады
Алматыда бүгіннен бастап шағын және орта бизнес өкілдеріне тегін кеңес беретін «Халық бухгалтері» акциясы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дана Найзабаева – жеке кәсіпкер. Ол 10 жылдан бері тамақтандыру саласында еңбек етіп келеді. Ел көлемінде «Халық есепшісі» акциясы басталғанын естіп, салыққа қатысты сұрақтарына жауап алу үшін Бостандық ауданындағы кірістер департаментіне арнайы барған.¤
«Мені қызықтырған негізгі мәселе – биылдан бастап қызметін тоқтататын салық жүйесі. Ол алдағы уақытта қаншалықты өзекті болады? Осы сынды сауалдарды мамандарға қойдым. Барлық сұрақтарыма толық әрі нақты жауап алдым. Сонымен қатар биыл кәсіпкерлердің қалай жұмыс істеуі керек екенін, енгізілген жаңа өзгерістер мен талаптар туралы жан-жақты кеңес алдым. Мұндай акцияның болғанына қуаныштымын», – деді жеке кәсіпкер Дана Найзабаева.
Дана секілді кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар акция аясында салық түрлерін дұрыс есептеу, декларацияларды сауатты толтыру, сондай-ақ түрлі өзекті мәселелер бойынша жан-жақты кеңес ала алады. Сала мамандары арнайы дайындалған ақпараттық буклеттерді таратып, кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған вебинарлар өткізеді. Сондай-ақ «Салықбот» телеграм арнасы іске қосылған.
«Халық есепшісі акциясы бүгіннен басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл кезең ішінде кез келген жеке кәсіпкер, шағын немесе орта бизнес өкілі арнайы шақырусыз және алдын ала тіркеусіз кеңес ала алады. Акция Алматының барлық аудандарында өткізіледі. Кеңес беру уақыты да нақты бекітілген. Қаңтар – ақпан айларында аптасына үш күн, ал наурыз айынан бастап аптасына екі күн қабылдау жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Қала түрғындары сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін келуіне болады», – деді Бостандық ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айжан Албаева
Аталған акция шілде айына дейін жалғасады. Қазірде шаһардың сегіз ауданында кәсіби бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері кәсіпкерлерге кеңес беруді бастап кетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, күн сайын 250–300-ге жуық адамды қамту жоспарланып отыр.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі қалалық сервистерді цифрландыру бойынша міндеттерді айқындады