Жаңа жыл түні 1 мың 900 шақырту тіркелген
Жаңа жылдық мереке күндері Алматыда 20 адам пиротехникадан зардап шеккен, оның 11-і кәмелет жасына толмаған балалар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда жылдың алғашқы күндері 189 жедел жәрдем бригадасы тынбай жұмыс істеді. 500-ден астам дәрігер, фельдшер, жүргізуші, кіші медициналық және техникалық персонал еңбек еткен. Жалпы 4 күн ішінде жедел жәрдем қызметіне 11 мың 158 өтініш түсіп, оның 10 мың 59 шақыруға жедел жәрдем бригадасы барған. Ал жаңа жыл түні 1 мың 900 шақырту тіркеліпті.
«Мереке күндері шақырту қалыпты деңгейде болды. Тұрғындардың 22,53 пайызы тыныс алу жүйесі ауруларына байланысты, 17,28 пайызы жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бойынша, сондай-ақ 14,5 пайызы жарақат пен улануға байланысты жедел жәрдемге жүгінді. Бұл жыл сайынғы көрсеткішпен бірдей-ақ», – деді Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин.
Сондай-ақ Алматыда мереке күндері 45 қылмыс тіркелген. Олардың 32-сі патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардың күшімен «ізі суымай» жатып ашылған. Сонымен қатар қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін аса ауыр қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол берілмеген. Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, жеке құрам 15-желтоқсаннан бастап күшейтілген. Тәртіп сақшылары адам көп жиналатын алаңдарға, саябақтарға, жаңажылдық және мәдени-бұқаралық іс-шара өтетін жерлерге көп назар аударған.
«Жаңа жылдық мерекелік күндер тұрақты, тыныш, қалыпты режимде өтті. Полицияның үйлесімді жұмысы мен жедел қызметкерлердің өзара іс-шараларының арқасында қоғамдық орындарды қала тұрғындары мен қонақтарына зиян келтіретін аса ауыр және қоғамдық тәртіпті бұзатын құқықбұзушылықтарға жол берілген жоқ. Қаланың негізгі алаңдарында орнатылған шыршалар мен оған іргелес жатқан аумақтар полицияның үздіксіз визуалды бақылауында болды», – деді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов.
Сондай-ақ мереке күндері отбасылық жанжал жиілеп, тұрмыстық құқық бұзушылық көп тіркелген. Спикердің айтуынша, барлық хабарламаға полиция дер кезінде назар аударған.
Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Халық бухгалтері: Алматыда шағын және орта бизнес өкілдері тегін кеңес ала алады