Халық қатысатын бюджет: Алмалы ауданында қандай жобалар іске асты

Тұрғындардың ұсынысымен «Гагарин» аллеясы да жаңғыртылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Айтылды – орындалды. Алматының Алмалы ауданында тұрғындардың өтініші ескеріліп, биыл қолға алынған бірқатар бастама жүзеге асты. Аудандағы көпқабатты үйлердің қасбеті жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Алматының Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның 8-і аулаларды жөндеуге, 11-і қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге бағытталған. Осылайша тұрғындардың талап тілегі кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Соның жарқын мысалы – «Клачков» көшесіндегі дәл осы гитара кейпіндегі ойын алаңы. Дәл осы жерде балалар емін еркін ойнап, тіпті музыкамен де шұғылдана алады.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы 2025 жылы Алмалы тұрғындары келіп, 433 бағдарлама жобасын ұсынды. Оның ішінде дауыс берілгеннен кейін, 19 жобаны жүзеге асырып жатырмыз, 16 жобаны бітірдік. Қазір 3 жоба жүзеге асырылып жатыр», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас инспекторы Керімхан Әбдіраман.

 Алмалы ауданында тұрғындардың ұсынысымен «Гагарин» аллеясы да жаңғыртылған. Абай даңғылы мен Төле би көшесінің аралығын алып жатқан демалыс орнының жалпы аумағы – 3,2 гектар. Абаттандыру барысында мың шаршы метрге жуық төсеніш тастары ауыстырылып, серуендеушілер үшін жаңа орындықтар қойылған. Сондай-ақ тазалықты сақтау мақсатында 82 қоқыс жәшігі орнатылған. Бұдан бөлек, арнайы бокс залы салынып, балалардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасалған.

«Биыл керемет зал жасалды. Әкімшілікке рақмет! Аптасына 6 күн жұмыс жасаймыз. Сағат 10:00-ден сағат 18:00-ге дейін балалар жаттығады. Балаларға салауатты өмір сүру үшін жағдай жасалған», – деді қала тұрғыны Асқар Шүйлібаев.

«Тұрғындардың сұрауы бойынша «Гагарин» аллеясында жарықтандыру жүйелері толыққанды атқарылды және де 123 дана жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сол жұмыстар аясында 2,4 шақырым электр кабельдер ауысқан болатын және де ойын алаңдары жаңартылды. Спорт алаңдар жасалынды және де бокс залы қойылған болатын», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы Мадияр Ыбырайым

Биыл Алматының бірнеше ауданында тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Алмалы тұрғындарының да осы бағыттағы тілегі ескеріліп, 60 ғимаратты жөндеу жоспарланған. Оның  ішінде 41 баспананың жұмыс аяқталды. Тұрғындардың ұсыныстары кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Яғни, айтылды – орындалды.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: 
Тұрғындар мәселесі назарда: Дархан Сатыбалды алматылықтарды жеке қабылдады