Халық қатысатын бюджет: "Барлық" базарының аумағы абаттандырылды

11.12.2024 21:44

Биыл Наурызбай ауданында бағдарлама аясында 40 жоба жүзеге асты

Алматыда "Барлық" базарының аумағы абаттандырылды. Жоба "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларды қолдауға бағытталған. Көпшіліктің ұсынысы негізінде жергілікті әкімдік жобаларды қаржыландырып, жүзеге асырады. Бұл бастама қарашаның қажеттілігін ескеріп, қоғамдық кеңістіктерді жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында қаладағы ірі сауда орындарының бірі – "Барлық" базарының аумағы абаттандырылды. Аталған өзгерістер сауда орнын жайлы қоғамдық кеңістікке айналдырды. Ал Шұғыла шағынауданында жаяу жүргіншілерге арналған аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Мұнда тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып, жарықтандыру қолға алынған.

"Мұнда кішкентай балалар ойнайтын, үлкен кісілер демалатын, спорттық алаңдар бар. Жобаның мақсаты –жақсы алаң жасау", – деді Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева.

Аудан әкімінің сөзінше, жоба жыл соңына дейін толықтай аяқталады. 40 жылға жуық жол азабын көрген «Эдельвейс» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары да бағдарлама шарапатын көріп отыр. Саяжай аумағында жол жабындысы жаңарып, тұрғындар дән риза.

"Халық қатысатын бюджет бағдарламасына өтінім бердік. Өткен жылы тамызда асфальт салып берді. Тұрғындар риза. Жолдарды уақытылы тазалайды Жағдайды түсініп, шара қабылдаған әкімдікке алғысымыз шексіз", – деді бау-бақша серіктестігінің төрағасы Ирина Ваганова.

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы шеңберінде 8 тұрғын үй абаттандырылып, қасбеттері жаңартылды. Балалар және спорт алаңдары қайта жабдықталып, тұрғындар игілігіне берілді.

"Бұл жерде серуендеудің өзі ғанибет. Әкімдікке рахмет. Бұған дейін қауіпсіздік мәселесі өзекті болған.Қазір қолайлы жағдай жасалды", – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Денис Столбов.

Биыл Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 40 жоба жүзеге асып жатыр. Қазынадан бөлінген қаражат - 2 ,5 млрд теңге. Аудан әкімі осы бағытта жұмыс жалғасатынын жеткізді.

Еркебұлан Серікұлы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматыда Сәтбаев көшесі бойындағы кәрі ағаштардың орнына ірі көшеттер отырғызылады