Шаһарда былтыр 5567 азамат мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болған
Биыл елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Былтыр Президенттің тапсырмасына сәйкес, 172 мыңнан астам баспана пайдалануға берілген. Оның 39 мыңы - жеке үй. Ал алматылықтар үшін қандай тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді? Оларға кімдер қатыса алады? Бұл сұрақтарға AlmatyTV тілшісі жауап іздеп көрген еді.
Диас Шаяхметов "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасы арқылы жақында ғана пәтер кілтін алды. Баспаналы боламын деген 21 жастағы азамат 3 жыл бойы ақша жинаған. Қазір өз үйінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жақын арада қоныс тойын тойлайтынын атап өтті. Ал "Наурыз" бағдарламасы "арманыма қол жеткізуге сеп болды" дейді.
"Өзімнің үйіме айдың соңына дейін көшсем деген ойдамын. Қарыз алған кезде маған 30 миллион теңгеге дейін мақұлданған болатын. Үйдің бағасы одан сәл төмендеу болған. Жөндеу жұмыстарына да 20 пайыз енгізу арқылы банктен ақша алдым", - дейді қала тұрғыны Диас Шаяхметов.
Баспана деп бас қатырған азаматтар үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жоқ емес. "Отау" мен "Наурыз" көпшіліктің сұранысына ие болса, "2-10-20", "5-10-20" тұжырымдамалары да жалғасын тауып келеді. Сондай-ақ "Ұмай" және "Жасыл ипотека" бағдарламасы биыл жазда іске қосылады деп жоспарланған.
"Ұмай" бағдарламасының аясында жөндеу жұмыстары бойынша 15 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар нарықтық бағдарламаларымыз да бар. Яғни, «50/50» бағдарламасы, «Өз үйім» бағдарламасы арқылы барлық қатысушы өзіне ұнаған пәтерлерін бірінші немесе екінші нарықтан сатып ала алады», - деді "Отбасы Банк" АҚ қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Сондай-ақ 2017 жылы іске қосылған «Алматы жастары» өңірлік бағдарламасы жыл сайын жұмыс істейді. Оған 35 жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады. Оларға 5 пайыздық мөлшерлемемен 18 миллион теңгеге дейін несие беріледі, алғашқы жарна 10 процент. Сондай-ақ өтініш берушінің меншігінде соңғы бес жылда баспанасы болмағаны расталуы тиіс. Аталған бағдарлама аясында былтыр 26 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген еді.
"Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен жастарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы «Алматы жастары» бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Осы бағдарлама шеңберінде 1300-ден астам азаматты баспанамен қамтамасыз ету көзделуде", - деді Коммуналдық инфрақұрылым басқармасының басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Былтыр қараша айында ел Президенті "Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы" заңға қол қойған еді. Жаңа реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді.
Жаңа заң аясында былтыр республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды. Биыл елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл дегеніміз, 175 мың баспана. Ал 2029 жылға дейін бұл көрсеткіш 111 млн шаршы метрге дейін жетуі тиіс.
Айта кетейік, Алматыда былтыр 5567 азамат мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болған. Сондай-ақ 206 тұрғын үй сертификаты табысталды. Ал биыл тағы 6 мың баспананың кілтін табыстау жоспарланыпты.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге арналған қанша орталық бар