Әлемдік MICE-индустрия Алматыға қызығушылық танытып келеді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Халықаралық басылым қаланың іскерлік туризмдегі артықшылықтарын атады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жетекші салалық басылымдардың бірі Алматыны халықаралық іс-шаралар, корпоративтік сапарлар және іскерлік туризм үшін мүмкіндігі мол бағыт ретінде таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

MICE-индустрияның кәсіби аудиториясына арналған сингапурлық басылымның материалы халықаралық нарықтың Алматыға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Басылым қаланың басты артықшылығына – заманауи мегаполис пен таудың жақындығына ерекше назар аударған.

Заманауи іскерлік инфрақұрылым, халықаралық қонақ үйлер мен іс-шара өткізуге арналған алаңдар Іле Алатауына тікелей жақын орналасқан. Бұл іскерлік бағдарламаны таудағы демалыспен, мәдени бағыттармен, гастрономиямен және белсенді демалыс түрлерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Басылым Алматының халықаралық көлік қатынасына да назар аударған. Қала Бейжің, Шанхай, Сеул, Бангкок және Куала-Лумпур сияқты Азияның ірі қалаларымен тікелей әуе рейстері арқылы байланысқан. Бұл шетелдік қонақтардың қатысуымен конференция, форум мен корпоративтік іс-шара өткізуге қолайлы жағдай жасайды.

Басылым Visit Almaty-дың халықаралық ұйымдастырушылармен жүргізіп жатқан жұмысына да жеке тоқталған. Таныстыру сапарларын өткізуден және алаңдарды таңдаудан бастап, қонақ үйлермен, сервистік компаниялармен және жергілікті серіктестермен өзара іс-қимыл жасау жұмыстары жүргізіледі.

Халықаралық басылымдағы материал Алматының мүмкіндіктерін ірі іскерлік іс-шараларды өткізу үшін бағыт таңдайтын кәсіби аудиторияға таныстыруға жол ашады.

Бүгінде Алматы Орталық Азияның туристік орталығы ретінде ғана емес, халықаралық іскерлік іс-шаралар өтетін алаң ретінде де позициясын нығайтып келеді. Азияның ірі нарықтарына жақындығы, кең әуе қатынасы желісі, заманауи қалалық орта мен таудың мегаполиске жақын орналасуы Алматының жаһандық MICE нарығындағы тартымдылығын арттыра түсуде. Алматы Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында іскерлік туризмнің жаңа тартылыс нүктесіне айналып келеді.

Оқи отырыңыз: Жалақы уақытында берілмесе қайда шағымдану керек