Медеу ауданында бизнес нысандарының шығарындыларын азайту жұмыстары күшейтілді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қоғамдық тамақтану орындарына да ерекше көңіл бөлінеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Медеу ауданында қызметі атмосфералық ауаның сапасына әсер етуі мүмкін нысандарға мониторинг жүргізіліп келеді. Бақылау монша мен сауналарды, қоғамдық тамақтану орындарын, өндірістік базалар мен техникалық қызмет көрсету станцияларын қамтиды. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv

Негізгі мақсат – нысандарда қандай отын түрлері мен жабдықтар қолданылатынын анықтау, олардың ауаға ықтимал әсерін бағалау және кәсіпкерлерге экологиялық талаптарға алдын ала дайындалуға көмектесу.

Ауданда 49 монша мен сауна жұмыс істейді. Оның 26-сы қатты отын, 23-і электр жабдықтарын пайдаланады. Қазірдің өзінде алты нысан газбен жылытуға көшірілді. Жыл соңына дейін қалған нысандарды табиғи газды қоса алғанда, экологиялық тұрғыдан таза отын түрлеріне кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған.

Қоғамдық тамақтану орындарына да ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда мұндай 152 нысан бар, оның 69-ы негізінен тамақ дайындау үшін қатты отын пайдаланады. Кәсіпкерлерге экологиялық тұрғыдан тиімді технологияға көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін бұл нысандарды электр мангалдарына көшіру жоспарланған.

Өндірістік базалар да бақылауда. Анықталған мұндай нысандардың барлығы газ отынына көшірілген.

Медеу ауданында 44 техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Оның 23-і электр жабдықтарын, 21-і газ отынын пайдаланады.

Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Құжатта III санаттағы нысандарға бақылауды күшейту, шығарындыларды аспаптық өлшеу, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және тазарту жүйелерін қолдану қарастырылған.

Газ тартылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдаланудан кезең-кезеңімен бас тарту көзделген. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне заңнама талаптары мен шығарындыларды азайтудың мүмкін жолдары түсіндіріледі.

Мониторинг нысандардың қазіргі жағдайын бағалап қана қоймай, бизнесті жаңа экологиялық талаптарға кезең-кезеңімен дайындауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Цифрлық бақылау сатылымдағы 26 мыңнан астам тегін дәрі-дәрмек пакетін анықтады