11-13 маусым аралығында Алматыда экономика, технология және басқару салаларының болашағын талқылауға арналған халықаралық New Vision Forum 2026 форумы өтеді. Ауқымды іс-шараға бизнес өкілдері, мемлекеттік сектор мамандары, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар қатысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Форум Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Кездесу барысында технологиялық трансформация, жасанды интеллектіні дамыту, инвестиция тарту, көшбасшылық және бизнестің жаңа экономикалық жағдайға бейімделуі секілді маңызды тақырыптар талқыланады.
«Бүгінде өзгеріске жылдам бейімделіп, ортақ мақсат төңірегінде біріге алатын компаниялар ғана табысқа жетеді. Біз мықты бизнес мықты ойлау жүйесінен, дұрыс ортадан және өзгеріс кезеңінде әрекет етуге дайын болудан басталады деп сенеміз», – деді форумның негізін қалаушы әрі бас директоры Мақсат Күрбенов.
Халықаралық спикерлер қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика жөніндегі сарапшы Дон Тэпскотт, Siri платформасының тең авторы Люк Жулия, сондай-ақ әлемге танымал «Ерлер Марстан, әйелдер Шолпаннан» бестселлерінің авторы Джон Грей бар.
Іс-шараға қазақстандық мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысады. Атап айтқанда, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен ірі ұйымдардың басшылары бар.
Қазақстандық бизнес қауымдастығы атынан Айдын Рахымбаев, Қанат Көпбаев, Тимур Кәрімбаев, Берік Қаниев және Гаухар Қаппарова сөз сөйлейді.
Бағдарлама аясында пленарлық отырыстар, тақырыптық сессиялар, шебердің сабақтары, табысты кейстердің таныстырылымдары, инвесторлармен кездесу және технологиялық шешімдер көрмесі өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда пайдаланылған батареяларды жинауға арналған пилоттық жоба іске қосылды