Наурызбай ауданындағы маңызды нысандар қашан қолданысқа беріледі

Нысанның құрылыс барысымен қала әкімі Дархан Сатыбалды танысып, барлық шаруаны уақытылы аяқтауды тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданы, Шұғыла шағынауданында салынып жатқан жаңа емхана биыл жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. 500 келушіге арналған мекеме 65 пайыз дайын. Нысанның құрылыс барысымен қала әкімі Дархан Сатыбалды танысып, барлық шаруаны уақытылы аяқтауды тапсырды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполис басшысы Қалқаман шағынауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананы реконструкциялау жұмыстарын тексеріп, тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында аудандағы көшелерді кеңейту, қоғамдық көліктің жұмысы, спорттық және мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Мегаполис басшысы жергілікті жұрттың өтінішін де тыңдап, жауапты басқармаларға тиісті тапсырма берді.

Айта кетейік, қазір аурухана ғимаратының 6 корпусы қайта жабдықталып, тірек қабырғалары нығайтылып жатыр. Сонымен қатар қасбеті де әрленіп, жарық, жылу, сумен жабдықтау секілді инженерлік желілер жаңғыртылуда. Мекемені сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталуға жақын. Нысан халық игілігіне келесі жылы беріледі деп жоспарланып отыр. 

«Ғимарат 1991 жылы салынғандықтан, инженерлік желілері тозған. Осыған байланысты ішкі қалқалар мен басқа да конструкцияларды сейсмикалық күшейту қажеттілігі туындады. Нысан 11 павильоннан тұрады. Оның алтауы реконструкциядан өтеді. Аурухананың жалпы сыйымдылығы – 900 төсек-орын. Қазір біз 100 төсек-орынға арналған блокта қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді жоба жетекшісі Біржан Төреханұлы.

 Жұмыс сапары аясында Дархан Сатыбалды Әуезов ауданында орналасқан оқу ордасына да барды. Қазақ және ағылшын тілінде білім беретін «Charterhouse Almaty» мектебі биыл жаңа оқу жылында қолданысқа берілген. 560 балаға арналған мекемеде қазір 237 оқушы білім алып жүр. Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асатын ғимарат заман талабына сай жасақталған. Онда оқу сыныптары, зертханалар, сабақтан тыс жұмыстарға арналған үй-жайлар, әкімшілік және қосалқы бөлмелер, сондай-ақ спорт блогы қарастырылған. Мектеп аумағын тексеру барысында қураған ағаштардың бар екені және мекеменің жеке тұрғын үймен іргелес орналасқаны анықталған. Бүгінде барлық олқылықтар жойылып, жасыл желектерге санитарлық кесу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралы да күшейтіліпті.

«Шамамен екі жарым жыл бұрын шетелде осындай мектеппен танысып, Орталық Азияда ашу туралы ұсыныс жасадық. Бірнеше келіссөзден кейін Англиядағы Charterhouse мектебі елге келді. Білім ордасын 1,5 жылдың ішінде салып бітірдік. Кейін жаңа кампустың ашылу рәсіміне дайындалып жүргенде жан-жақты көмек көрсетті. Қазір мектебімізде шамамен 35 шетелдік маман жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – британдықтар», – деді Халықаралық білім беру корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов.

Оқи отырыңыз: Алматыда 26 студенттік команда Қала күніне арналған зияткерлік ойында бақ сынайды