Алматы тау туризмін жыл бойы дамыту шаралары қаралды
Шаһарда «Алматы тау кластері» мен «Almaty SuperSki» сынды екі ауқымды бастама қолға алынған
Алматының тауы төрт мезгілде де турист қабылдайтын ірі демалыс аймағына айналмақ. Осы мақсатта мегаполисте «Алматы тау кластері» мен «Almaty SuperSki» сынды екі ауқымды бастама қолға алынған.
Алатаудың туристік әлеуетін жыл 12 ай тиімді пайдалануды көздейтін жобаларды шаһардағы түрлі саланың өкілдері талқылады. Жиында тау инфрақұрылымын дамыту, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи аумақтар мен жасыл желек қорын сақтау мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы тауларына деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Соңғы алты жылда мұнда келушілер саны 4,5 есеге артып, жылына миллионға жуық адамға жеткен. Турист көбейген сайын табиғи аумаққа түсетін салмақ та еселенеді. Сондықтан дөңгелек үстелге жиналған сарапшылар «Алматы тау кластері» мен «Almaty SuperSki» сынды екі ауқымды бастаманы дамытуда жаңа нысандар салумен шектелмей, келушілер легін реттеу, қауіпсіз бағыттар қалыптастыру маңызды екенін айтты. Сонымен қатар дөңгелек үстелде ең көп қозғалған мәселелердің бірі – табиғи ортаны сақтау.
«Зерттеу нәтижеміз бойынша аймақта 6 өсімдік түрі анықталды Қызыл кітапқа енген. Бірақ өсімдіктер құрылыс аймақтарынан тыс орналасқан, «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер. Оларға жобадан ешқандай қауіп жоқ», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының профессоры Нұрсұлу Ақтаева.
Алматы тау кластерінің ауқымы кең. Жоба Шымбұлақ пен Oi-Qaragai курорттарын Кімасар, Бұтақты шатқалдары мен Пионер арқылы өзара байланыстыруды көздейді. Қазіргі жоспар бойынша тау шаңғысы трассаларының жалпы ұзындығы 41 шақырымнан 192 шақырымға, аспалы жолдар саны 16-дан 46-ға дейін ұлғаяды. Осылайша жеке-жеке жатқан тау бағыттарын бір арнаға тоғыстырып, туристер легін бірнеше аумаққа бөліп бағыттау көзделген.
«Алматы қаласының Туризм басқармасы үшін 4 маусымдық туризмді дамыту – басты басымдықтардың бірі. Неліктен? Себебі Алматы – 4 мезгілі айқын көрінетін ерекше қала. Қазірдің өзінде туризмді маусымдарға бөліп қарамай, жыл бойы дамытуға мүмкіндік бар. Жазда, көктемде және күзде қала тұрғындары мен туристер хайкингпен айналысып, жаяу жорықтарға шығып, таулардың бір шыңын бағындыра алады. Ал қыс мезгілінде тамаша тау-шаңғы курорты бар», – деді Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Ал Almaty SuperSki – бөлек туристік жоба. Мұнда 60 шақырым тау шаңғысы трассасын және 11 заманауи аспалы жол салу жоспарланған. Курорт тәулігіне 10 мыңнан астам туристі қабылдай алады. Трассалардың басым бөлігі балалар мен шаңғыны енді үйреніп жүргендерге лайықталмақ.
«Меніңше, бұл жобаның өңірдегі туризмді дамытуға қосар үлесі әлі де толық бағаланбай отыр. Өйткені бұл – бүкіл Орталық Азия үшін үлгі боларлық, ауқымды бастама. Оның жүзеге асуы әртүрлі салалардың дамуына серпін береді. Соның ішінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді. Әңгіме тек даяшы немесе қарапайым қызмет көрсету саласындағы жұмыспен қамту туралы емес. Жалпы сервистік индустрияның аясы кеңейіп, қызмет көрсету сапасы мен кәсіби мамандарға деген сұраныс арта түседі», – деді Тұрақты туризмді дамыту қорының бас директоры Максим Гандрабура.
Қар ерігенде тау туризмі тоқтап қалмауы тиіс. Сондықтан Almaty SuperSki аумағында да жазғы хайкинг, веложолдар мен белсенді демалыстың өзге түрлерін дамыту қарастырылмақ. Ал екі жобада да қауіпсіздік жеке бағыт ретінде қамтылады. Қар көшкінін бақылау, құтқару және медициналық көмек жүйесін жетілдіру көзделген.
Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Almaty Ustazy: Алматыда қалалық байқаудың жеңімпаздары анықталды