Білім ордасының техникалық ашылуы өтті
Республика күні қарсаңында Алматының Медеу ауданында бой көтерген жаңа мектептің техникалық ашылуы өтті. Заманауи үлгіде салынған бұл білім ордасы екі мыңға жуық оқушыны қабылдауға дайын, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқу нысаны «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тұрғызылған. Күні кеше оқу мекемесінің жұмысқа дайындығын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков тексеріп, барлық талаптарға сай салынғанын атап өтті.
Айта кетейік, жыл соңына дейін мегаполистегі мектептерде орын тапшылығы 6 есеге азаймақ. Сондай-ақ айтулы мереке қарсаңында қалада тағы 4 жаңа білім ұясы есігін айқара ашпақ.
«Жалпы, биыл жыл басынан бері 12 мектеп ашылды. Қазір тағы 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – Алматы қаласының білім саласындағы инфрақұрылымының дамуына септігін тигізеді. №220 мектеп бүгінгі таңда ашылу үстінде, екінші тоқсаннан бастап толыққанды бала қабылдай бастайды. Өздеріңіз білесіздер, бұл – Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан ұлттық жоба», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Мемлекеттік тілде білім беретін №220 мектепте екінші тоқсаннан бастап 1778 оқушы білімін жалғастырады. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған 83 оқу кабинетінде сабақ оқиды. Сондай-ақ оқушылардың ой-өрісін кеңейтетін робототехника, IT және шығармашылық бағыттағы арнайы сыныптар жұмыс істемек.
Бұдан бөлек, мекеме басшысы мектеп аумағында заманауи футбол алаңы мен теннис корты да бар. Мұның барлығы жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады дейді.
«Қазіргі таңда бізде 1278 бала тіркелген. «Думан» ықшамауданындағы №172 гимназияда оқып жүрген 500 баланы өзімізге ауыстырып аламыз. Сонда жалпы тіркелген оқушылар саны 1778 бала болады», – деді №220 жалпы білім беретін мектептің директоры Манат Әшірбекова.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымы қорытындыланды