Қарлы сенбілік: Нұр-Мүбарак ұжымы тазалыққа жұмылды

Almaty.tv
Almaty.tv

100-ден астам қатысушы аумақты қардан тазарту жұмыстарына атсалысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының қысы қалың қарымен танымал, бұл күнделікті тіршілікке айтарлықтай кедергі келтіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыған орай, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғардың бастамасымен оқу кешенінің ауласын және жақын маңдағы көшелерді қардан тазарту мақсатында қысқы сенбілік ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – студенттер, оқытушылар және қызметкерлер қауымын ортақ іске жұмылдырумен қатар, университет пен мешітке келушілерге және қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау болды.

Қатал қысқа қарамастан, сенбілікке студенттерден бастап оқытушылар мен мешіт ұжымына дейін белсенді қатысты. 100-ден астам қатысушы аумақты қардан тазарту жұмыстарына атсалысып, көрші аулаларды да назардан тыс қалдырмады. Бұл игі істі көрген тұрғындар студенттер мен университет ұжымына алғыстарын білдірді.

Проректор Ершат Оңғар бұл шараның маңыздылығын атай келе:
«Ислам – тазалық діні. Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде тазалықтың ерекше орны бар. «Тазалық – иманның жартысы» деген хадис мұсылманның өмір салтының негізін айқындайды. Сондай-ақ, «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деген сөз бізге көршімен дұрыс қарым-қатынас жасап, оларға көмек көрсету міндет екенін еске салады».

Қарлы сенбілік барысында Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы ауызбіршіліктің, жауапкершілік пен ортақ іске деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Бұл тазалық шарасы қала тұрғындарына да жағымды әсер қалдырды және Ислам дінінің тазалыққа ерекше мән беретінін іспен дәлелдеді.

Новости партнеров