Тарихи белес: Жамбыл ұрпақтары мен өңір тұрғындары сайлауда ерекше белсенділік танытты

Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Әр учаскеде тұрғындардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған. Сайлау барысын 700-ден астам отандық және халықаралық байқаушы бақылап отыр. Өңір тұрғындары да белсенділік танытып, таңнан бері сайлау учаскелеріне ағылып жатыр. Дауыс беруге келгендердің қатарында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары да бар. Алматы облысында тұратын ақынның отызға жуық ұрпағы бүгін өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ұрпағы өте белсенді. Отызға жуық шөбере-шөпшегі жиналып, Құрылтай сайлауына қатысты. Ақынның туыстары алдымен аталарының әдеби-мемориалдық музейіне жиналып, елдің маңызды саяси кезеңіне қатысты ой-пікірін білдірді. Одан кейін сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасады. Бір қызығы – жыр алыбының ұрпағы «Жамбыл 180 жыл» деген жазуы бар киімдер киген. Себебі биыл қазақтың ұлы ақынының туғанына 180 жыл толып отыр.

«Бүгін – Құрылтай депутаттарының сайлау күні. Жамбыл ұрпақтары немерелері, шөберелері, шөпшектері бәріміз жиналып, бір ауыздан ат салысып,Жаңа Қазақстан үшін, еліміздің болашағы үшін дауыс берейік деп шештік», – деді Жамбыл жабаевтың шөбересі Салтанат Жамбылова.

Алматы облысында 1 миллионнан астам тұрғынның дауыс беруге құқығы бар. Олардың қатарында биыл алғаш рет сайлауға қатысып отырған 14 мың жас бар. Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев те Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Дауыс бергеннен кейін облыс әкімі сайлау нәтижелері еліміздің одан әрі дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ бұл кезең Қазақстан үшін жаңа әрі маңызды өзгерістердің бастауы екенін атап өтті.

«Бүгін – еліміз үшін маңызды саяси күн. Қазақстан Республикасының азаматы, Алматы облысының тұрғыны ретінде бекітілген учаскеге келіп дауыс бердім. Өз таңдауымды жасадым. Мемлекет басшысы үндеуінде айтқан ел үшін бүгінгі күн  – тарихи белес», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

 Облыс тұрғындары сайлау күнін креативті атап өтті. Мәселен, Қарасай ауданы Іргелі ауылында тұратын Карповтар отбасы сайлау учаскесіне «Құрылтай» деген жазуы бар әуе шарымен ұшып келді. Осылайша ата-ана балаларының көптен бергі арманын орындап қана қоймай, ел өміріндегі маңызды күнді ұмытылмас оқиғаға айналдырды.

«Құрылтай сайлауында дауыс беруге келдім. Әр азамат міндетті түрде дауыс беруі керек», – деді ¤Алматы облысының тұрғыны Александр Карпов.

 Ал Іле ауданының запастағы офицері Тимофей Меркулов ұшақтан секіріп, сайлау учаскесіне парашютпен қонды. Парашютпен 1700-ден аса рет секірген әскеридің ерекше акциясын аудан тұрғындары тамашалады. Одан бөлек, облыстың тағы бір тұрғыны Ескендір Жүнісов сайлау учаскесіне парапланмен ұшып келіп, дауыс берді. 37 жастағы кәсіби парапланшы Алматының үстімен 1750 метр биіктіктен ұшып өтіп, «Құрылтай» деген жалауды желбіретіп сайлау учаскесінің дәл жанына қонды.