1000-нан астам атау: алматылықтар мен қала қонақтары демалыс күндері фермерлік өнімдерді қайдан сатып ала алады

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» ӘКК шаһар тұрғындары мен қонақтарын демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге шақырады. Апта сайын ұйымдастырылатын уақытша сауда алаңдары 305 саудагер мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің басын қосады. 1000-нан астам түрлі өнім Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының фермерлік және жеке шаруашылықтарынан, сондай-ақ Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысынан жеткізіледі. Ұсынылатын тауарлар қатарында жаңа сойылған ет, жұмыртқа, көкөніс пен жеміс, сүт өнімдері, шұжық, бал және өзге де азық-түлік бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл басынан бері жәрмеңкелерде шамамен 7,5 мың тонна азық-түлік өнімі сатылды.

Бағаны тұрақтандыру шаралары аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары делдалсыз тікелей жеткізілім есебінен нарық бағасынан 15-20% төмен бағамен сатылады.

Жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін мына мекенжайларда өтеді:
− Бостандық ауданы: «Қазақфильм» шағынауданы;
− Әуезов ауданы: Рысқұлбеков көшесі 33/2;
− Медеу ауданы: Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
− Алмалы ауданы: Масанчи көшесі, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің арасы.

Апта сайын жәрмеңкелерге келушілер саны 45 000 адамнан асады.

Қазіргі уақытта «Алматы» ӘКК АҚ Бостандық ауданы («Қазақфильм» шағынауданы) мен Әуезов ауданындағы (Өтеген батыр көшесі — Абай даңғылы) екі демалыс күнгі жәрмеңкені кезең-кезеңімен жаңғыртып жатыр. Жоба инфрақұрылымды жетілдіруге әрі сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жаңғырту аясында жәрмеңкелер қала дизайн-кодына сәйкес бірыңғай сәулеттік стильге келтіріледі. Жабық және ашық сауда павильондары, мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген санитарлық тораптар, автотұрақтар, аялдамалар, қоғамдық тамақтану орындары және көркейтілген қоғамдық кеңістіктер салу қарастырылған.

Жобалар жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жәрмеңкелердің әлеуметтік сипаты сақталып, кәсіпкерлер мен жергілікті өндірушілер үшін қолжетімді жағдай қамтамасыз етіледі.

Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін «Алматы» ӘКК жәрмеңкелерді басқарып, бекітілген бағаның сақталуын бақылайды. Жаңартылған алаңдардың ашылуы жөнінде биыл мамыр айында құрылыс аяқталған соң қосымша хабарланады.

Оқи отырыңыз: Алматыда толассыз жауын-шашынға байланысты қызмет тәулік бойы жұмыс істеп жатыр

Новости партнеров