Таза Қазақстан: Алматыдағы Аюсай шатқалында қарағай ағашы отырғызылды

Аумақтан жарты тоннаға жуық қоқысты сыртқа шығарылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында Алматыдағы Аюсай шатқалы қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары, мектеп оқушылары, студенттер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Бірлесе атқарған істің арқасында олар жарты тоннаға жуық қоқысты сыртқа шығарып, аумақты жинастырды.

 «Таза Қазақстан» және «Парктер шеруі». Бұл екі акция елдің экологиясына үлес қосып қана қоймай, адам мен табиғаттың ортасындағы үйлесімді байланысты нығайтады. 200-ге жуық адам акцияға қатысты. Оның ішінде мектеп орманшылығы, жоғары оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері мен еріктілер бар», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Жансая Айтмұхаметқызы.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың бойындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған іс-шарада 30 түп қарағай ағашы отырғызылды. Сондай-ақ табиғатты қорғап, күту тақырыбында оқушыларға танымдық дәріс оқылып, квест ойындары да ұйымдастырылды.

 «Парк қызметкерлерінен табиғатты қорғауды, аялап, сақтауды үйрендік. Қарағай көшеттерін отырғызып, қоқыстарды жинастыруға  үлес қостық. Біз басқа да жасөспірімдерді табиғатты таза ұстауға шақырамыз», – деді оқушы Нұрила Бекбала.

Оқи отырыңыз: Профилактиканы күшейту – қылмыстың азаю кепілі

Новости партнеров